Оразалин: Туризмді дамыту сапалы қызмет көрсетуден басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалиннің  төрағалығымен  аппараттың селекторлық отырысы өтті. Жиында  жылыту маусымының басталуы, облыста туризм мен жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту мәселелері қаралды.

Облыстық ТҮКШ басқармасының басшысы Күнбол Тұрымов жөндеу жұмыстары түгел аяқталып,  жылыту маусымына дайындық 100% екенін жеткізді.  Мемлекеттік мекемелер қажетті  отынмен толық қамтамасыз етілген. Дегенмен, жылу маусымына яғни 6 айға  тұрғындарға 37 мың тонна көмір қажет. Ол үшін 10 920 тонна көмір, апта сайын 500-700 тонна қара алтын  отыны жеткізілуде. Аудандарда әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер автономдық қазандықтары мен орталықтандырылған жылу жүйесіне 1 қазаннан бастап қосылған. Ақтөбе өңіріне көмір Шұбаркөл, Қаражырадан жеткізіледі.  

Кәсіпкерлік  басқармасының басшысы Ерлан Назаров туризм мен жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту мәселесіне тоқталды. Облыста  биыл орналастыру орындарының саны - 96. 124 мың адамға қызмет көрсетілген. Өңірде  алыс аймақтардан келетін қонақтарды күтуге қонақ үйлер мен жорлаушыларға  қызмет көрсетуге  арналған кэмпингтер саны артып отыр. Мәселен,  қараша айының соңында  құны 2,8 млрд теңге болатын үш жұлдызды "IBIS" халықаралық брендімен қонақ үй кешені пайдалануға берілмек.

Жүзеге асса  жаңадан 150 жұмыс орны ашылады.  Өңірде  аспазшы, даяршы мамандарына сұраныс  артып отыр. Кэмпинг пен қонақ үй қожайындары жергілікті жерден аспаз маманын таба алмағындықтан, өзге өңірден келген азаматтардың  қызметіне жүгінуге мәжбүр. Осы мәселені қатаң сынға алған Оңдасын Оразалин  жауапты мамандарға  қажетті сұранысты қанағаттандыруды  жүйелі түрде шешіп, нақты ұсыныс әзірлеуді  тапсырды.

"Туризімді дамыту үшін алдымен сапалы қызмет көрсетуден бастаған жөн. Ақтөбе облысында бес жұлдызды қонақүйлер салуды қарастыру керек. Жаңадан ашылған бос жұмыс орындарын сұранысқа сай мамандармен қамтамасыз етуді қолға алу қажет", - деді өңір басшысы.

Аймақ басшысы  сондай-ақ, осы сервистік қызмет көрсету орындарының тазалығы, халықаралық талапқа сай болу қажеттігін айтып,  орынбасары Қайрат Бекеновке және  аудан әкімдеріне аталған кемшіліктерді тез арада қалыпқа келтіруді тапсырды.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы