Туризмде қауіпсіздік пен санитариялық нормалар әлі де бұзылып отыр – Бектенов
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов туризм саласында қауіпсіздік стандарттары мен санитариялық нормалардың сақталмауына байланысты орынды сын айтылып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, осыған байланысты Туризм саласын дамыту бойынша кешенді жоспар қайта қаралып, тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Туризм саласына қатысты орынды сын айтылуда. Қарапайым қауіпсіздік стандарттары мен санитариялық нормаларды бұзу әлі де тыйылмай отыр. Осыған байланысты Туризм саласын дамыту бойынша кешенді жоспарды қайта қарап, тиісті шараларды қабылдап жатырмыз, – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Алматы тау кластерінің қолданыстағы инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа нысандар салу жұмысы жүріп жатқанын айтты. Оның ішінде заманауи шаңғы курортының жобасы іске асырылуда.
Қазіргі таңда 17 көтерме жол және 53 шақырым трасса жұмыс істеуде. Қосымша 46 көтерме жол мен 221 шақырым трасса іске қосылады. Көктемде құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз, – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Қатонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа әуежайлардың құрылысы биыл аяқталатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл өңірлерде туризмді дамытуға қосымша серпін береді.
Премьер-министр мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалып отырғанын айтты. Алайда төлемдердің көптігі, жүйенің бірізді болмауы және тиімді бақылаудың жоқтығы шығындардың негізсіз өсуіне ықпал еткен.
Бұл бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына және кей жағдайларда жымқырылуына алып келді. Атқарылған жұмыстың арқасында соңғы екі жылда шамамен 288 млрд теңгенің тиімсіз игерілуіне тосқауыл қойылды, – деді ол.