Туризм және спорт министрлігі қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

Елордада Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбековтың төрағалығымен Туризм және спорт министрлігі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиынға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.

Отырыста 2023 жылдың қорытындысы бойынша министрліктің бюджеттік бағдарламаларының орындалуы, ведомствоның даму жоспарын іске асыру мониторингінің нәтижелері және Қоғамдық кеңестің өзге де мәселелері талқыланды.

Жиында Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы сайланды. Төраға қызметін атқарған Бекболат Орынбеков өз өтініші бойынша өкілеттілігін тоқтатып, оның орнына кеңес мүшелерінің ашық дауыс беруі нәтижесінде бірауыздан қоғам қайраткері, талай жыл спорт саласында өнімді еңбек еткен Елсияр Қанағатов сайланды.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов осы күнге дейін Б. Орынбековтың төрағалығымен Қоғамдық кеңес азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты бірқатар маңызды нормативтік құқықтық акт жобаларын қарағандығын айтып, алғысын білдірді.

Қоғамдық кеңес Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ойын бизнесі және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер енгізуге, заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимылдың 2024-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарының қабылдануына, сондай-ақ спорт резерві және жоғары дәрежедегі спортшыларды даярлау бойынша нормативтік құқықтық актісіне өзгерістер енгізуіне өз ұсыныстарын білдірді. Бұдан бөлек туризм, спорт, ойын бизнесі және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер енгізуге арналған алқа отырыстарына және министрлік өткізетін өзге де іс-шараларға тұрақты түрде қатысып отырды, - деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңестің құрамына резервтегі кандидаттар тізімінен спорт журналисі Альберт Ахметов енді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: @Turizm_jane_sport_ministrligi
Өзгелердің жаңалығы