Туризм және спорт министрі Швеция елшісімен екіжақты ынтымақтастықты талқылады
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ева Пуланомен кездесіп, туризм және спорт саласындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуде тараптар қысқы спорт түрлерін дамыту, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу және спортшылар арасында тәжірибе алмасу сияқты өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін пысықтады.
Спорт саласындағы екі елдің ынтымақтастығы жыл өткен сайын дамып келеді. Швеция қысқы спорт түрлері бойынша әлемдегі алпауыт елдердің бірі саналады. 2024 жылғы наурызда шаңғыдан Қазақстан құрама командасы Швецияның Фалун қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Спортшыларымыз мол тәжірибемен оралды. Алдағы уақытта да қысқы спорт түрлері бойынша тәжірибе алмасып, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын жиі өткізуді ұсынамыз, – деді Туризм және спорт министрі.
Сондай-ақ Ербол Мырзабосынов туризм саласындағы байланыстарды дамытудың маңызына тоқталып, аталған саланың экономиканың дамуына елеулі әсер ететінін айтты.
Министр Қазақстан Швециямен туризм және спорт саласындағы жаңа бірлескен жобаларды дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға ниетті екенін және ұзақ мерзімді әрі өнімді серіктестікке үміт артатынын жеткізді.