Туризм саласындағы инвестиция 7 жылда 2 трлн теңгені құрайды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Туризмді дамытуға бөлінетін инвестицияның көлемі жақын 7 жылда 2 трлн теңгені құрамақ, бұл 6 млрд доллар шамасында. Сондай-ақ 200 мың жұмыс орны құрылады, оның 72 мыңы тұрақты жұмыс болмақ. Бұл туралы Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ректоры Тахир Балықбаев Қазақстан мен Орталық Азиядағы туризмді дамытуға арналған конференция барысында айтты.


Ректоры конференцияның ашылуы кезінде еліміздегі туризм саласының дамуына тоқталып, үкімет тарапынан жасалып жатқан бағдарламаларға тоқталып өтті.

«ҚР Үкіметі екі күн бұрын Туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады. Алдын ала болжам бойынша, бұл бағдарлама іске асырылған соң туристік саладағы ЖІӨ үлесі 8% жетеді деп күтілуде. Туризмді дамытуға бөлінетін инвестицияның көлемі жақын 7 жылда 2 трлн теңгені құрамақ, бұл 6 млрд доллар шамасында. Сондай-ақ 200 мың жұмыс орны құрылады, оның 72 мыңы тұрақты жұмыс болмақ. Нәтижесінде туристер саны жылына 7 ден 15 млн адамға дейін өседі. Өткен жылдың нәтижесіне көз жүгіртсек елімізде туризм расымен  де дамып келе жатқандығын байқаймыз. 2018 жылы ішкі және сыртқы туризм 2017 жылға қарағанда 10% өскен»,-дейді Т. Балықбаев.

Сонымен қатар ол, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан және Тәжікстан сияқты көрші елдер туристер тартуда үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті.

«Орталық Азия ежелгі адамдар өркениеті ошақтарының бірі. Түркістан, Отырар, Сауран, Тараз, Самарқан, Бұқара, Хиуа және өзге де қалалар әлемдік мұра болып табылады. Орталық Азиядан шыққан ғұламалар әлемдік ғылымға да өз үлестерін қоса білді. Қазір туризмді зерттеушілерге, туристік бизнес өкілдеріне халықаралық және ішкі туризмді дамыту үшін бізге күш біріктіріп жұмыс істеген жөн», - деді ректор.

Сөз арасында ол, туризмді дамытуда мамандарды даярлау мәселесіне де көңіл бөлу қажеттігін баса айтты.

«Қазір елімізде 45 Жоғары оқу орны туризм саласы бойынша мамандарды әзірлеуде.  Тек туризм бойынша  5 мыңнан аса студен білім алуда, ал  Мейрамханалық іс пен пен қонақүй бизнесі бойынша 3 мыңдай студент оқуда. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 1992 жылы Орталық Азияда бірінші болып туризм саласы бойынша білім беруді қолға алды», - деді ол.

Әділет Мұсахаев

Фото: автордан

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы