Туризм саласына кызығушылық авиацияға алып келді – жас маман
Бүгін - Халықаралық азаматтық авиация күні. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі авиация саласының қызметкері Мәнсия Қайратқызымын әңгімелескен еді.
Жұмысыңыз жайлы айта кетсеңіз. Бала кезіңізден авиация саласына қызықтыңыз ба?
Авиация саласын бала кезден армандаған жоқпын. Бұл мамандыққа кездейсоқ келдім десем де болады. Туризм саласына кызығушылық мені авиацияға алып келді және осы салада жүргенім өзіме ұнайды. Себебі авиация маған көп нәрсені үйретті. Қазіргі уақытта авиакомпанияның жерүсті қызметінің Алматы қаласындағы өкілі болып жұмыс істеймін. Біздің негізгі қызметіміз – ұшып келген бортты қажетті қызметтермен толықтай қамтамасыз ету. Сонымен қатар ұшатын адамдардың құжаттарын тексерістен өткіземіз. Рейстен бөлек, әкімшілік жұмыстар да көп деп айта аламын.
Адамдармен жұмыс істеуде қиындық бола ма?
Иә, әрине. Әр рейс сайын бізде түрлі жағдай болады. Адамдардың кейбірі тіркелмейді, енді бірі рейстен кешігеді. Құжаттарын жоғалтып алғандар да болады. Осындай сәттерде адамдарға көмек көрсетуге тырысамыз. Себебі бірінші рет ұшатын адамдар авиакомпанияның шарттарымен және әуежайдың құрылысымен таныса алмай шатасып кетеді. Тіркеу кезінде шыдамсыз жандар да болады. «Неліктен тез істемейсіз» деп түсіністік танытпайтындар болады. Бұндай сәттерде адамдарға мәдениетті түрде жауап беруге тырысамыз. Себебі оның артындағы адамдарға да қызмет көрсетіп, жұмыста салғырттыққа жол бермеу қажет. Сондай-ақ ұшатын әрбір адамның мәселесін дер кезінде шешуге тырысамыз.
Күнделікті жұмыс күніңіз қалай өтеді?
Жұмыс күнім рейстің уакытына байланысты өтеді. Рейс кешіккенде, жұмыс уақыты да созылады. Жұмысшылармен алмасып қызмет етеміз. Адамдардың қуанып келген сәттерін көріп, біз де қуанамыз. Әрбір адамның ешқандай мәселесіз ұшып, аман-есен қонғанын қалаймыз.
Қызықты әрі көңілді сәттер болса, айта кетсеңіз.
Біздің жұмысымызда қызықты әрі көңілді кейде жүректі ауыртар сәттер көп болады. Дегенмен бұның барлығын жарияға жар салуға болмайды. Себебі біздің жұмысымызда кейбір сәттермен бөлісе алмаймын. Адамдармен жұмыс істеуде өмірдің түрлі сәттерін бастан өткізуге болады.
Жас мамандарға қандай кеңес бересіз?
Мен Азаматтық авиация академиясына оқуға түстім. Оқу қиын әрі қызықты өтті. Оқу пәндеріміз ағылшын және орыс тілдерінде болды. Кейбір студенттер оқудан шықты. Дегенмен сол кезде мен өзімнің мамандығыма деген қызғушылығым артып, осы салада еңбек етуді армандадым. Жас мамандарға айтарым, ең бастысы, өз жұмысын жақсы көруі керек. Себебі адам өз ісін құштарлықпен істемесе, әр ісі қиын болады. Уақыт жоғалтады. Сондай-ақ оқу оқып, бір нәрсемен шектеліп қалмай, әртүрлі нәрсемен айналысқаны дұрыс. Сонда ғана ол өмір сүрудің ләззатын сезініп, әр ісі өнімді болады.
Әңгімеңізге рахмет!