Туризм министрлігі Шымбұлақтағы бағаның өсуіне қатысты түсініктеме берді
Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов Шымбұлақ тау шаңғысы курортындағы демалыс бағасының өсуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде пайдаланушылар Шымбұлақ тау шаңғысы курортында демалуға қосарланған тарифтер енгізу қажеттігін көтерген болатын. Олардың айтуынша, курорттағы қызмет бағасы жыл сайын өсіп, қазақстандықтардың басым бөлігі үшін демалыс барған сайын қолжетімсіз бола түсуде.
Нұрбол Байжанов бағаның өсуін ең алдымен нарықтық тетіктермен түсіндіруге болатынын атап өтті. Оның айтуынша, сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерім баға деңгейіне тікелей әсер етеді, ал кәсіпкерлер баға саясатын өз бетінше қалыптастырады.
Сонымен қатар ол мемлекеттің негізгі міндеті – туристік инфрақұрылымды дамыту, бизнестің дамуына жағдай жасау және болашақта қызмет сапасын арттырумен қатар, олардың қолжетімділігін қамтамасыз ететін бәсекелестік ортаны қалыптастыру екенін жеткізді.
Қазіргі уақытта Алматы өңірінде туристердің негізгі ағыны екі ірі тау шаңғысы курортына – Шымбұлақ пен Oi-Qaragai-ге бағытталады. Шын мәнінде, өңірде осындай екі ғана ірі нысан бар. Мысалы, Шымбұлақтың өткізу қабілеті күніне орта есеппен 5 мың адамға есептелген. Алайда бүгінде курортта артық жүктеме байқалып отыр – бір тәулікте 10-15 мыңнан астам турист келеді. Бұл, бір жағынан, курорттың имиджіне әсер етсе, екінші жағынан, туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығына кері ықпал етеді. Сондықтан туристік ағынды реттеуге бағытталған кейбір шаралар мәжбүрлі болуы мүмкін, – деді ол.
Спикердің айтуынша, мемлекет тарапынан туристік инфрақұрылымды кеңейту үшін нақты қадамдар жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жұмыс істеп тұрған курорттық аймақтарды дамытуды көздейтін Алматы тау-шаңғы кластерінің кешенді жоспары әзірленген.
Оның бағалауынша, бұл шаралар қазіргі туристік жүктемені ішінара азайтуға мүмкіндік береді әрі болашақта тау шаңғысы туризмін неғұрлым қолжетімді, қауіпсіз және жүйелі түрде дамытуға жол ашады.