"Туристік орындарға жету неге қиын" - Көлік министрінің жауабы
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Көлік министрінен туристік жолдардың сапасы туралы сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Марат Кәрімжанұлы, қазіргі таңда кейбір демалыс орындарына жету оңай емес. Осы бағыттағы жұмыс қалай атқарылып жатыр?" деп сұрақ қойды Олжас Абайұлы Үкімет отырысында.
Туристік нысандар мен демалыс орындарына ерекше мән беріп жатырмыз. Мәселен, авиация саласына тоқталатын болсақ, биыл 19 маршрутқа 6,6 млрд теңге субсидия бөлініп, 400 мыңға жуық қосымша туристер тасымалданды. Теміржол саласында да көрсеткіш осындай болды. Біздің 97 бағытымыз болса, оған қосымша 11 бағыт қосылып, нәтижесінде 354 мың жолаушы қосымша тасымалданды, - деді Қарабаев.
Министр туристерге арналған жолдың да жөнделгенін айтты.
Алакөлге баратын жол биыл "Талдықорған-Өскемен", "Үшарал - Достық" тобымен аяқталды. Алдағы жылда бұл жұмыс жалғасатын болады. Оның ішінде Жаңаөзеннен Кендірліге дейінгі жол толығымен жөндеуден өтеді. Сонымен қатар "Өскемен - Рахман қайнары" және Зайсан мен Марқакөл сияқты туристік жолдары 2025 жылы толығымен жөндеуден өтпек, - деді Марат Кәрімжанұлы.
Сондай-ақ Көлік министрі үш жаңа әуежайдың салынып жатқанын, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттарының әзірленуде екенін айтты.