Туристік нысандарға апаратын 2 мың шақырымға жуық автожол жөнделеді
Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен-Алтай-Рахман қайнары» тасжолы бар. Сондай-ақ өңірдегі 4 көпір күрделі жөндеуден өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ «ҚазАвтоЖол» ҰҚ ақпаратына сүйеніп.
Отандық туризмді дамыту мақсатында еліміздің туристік нысандарына баратын автомобиль жолдарын жаңарту бойынша жұмыстар басталды. Екі жылдың ішінде демалыс орындары мен көрнекі жерлерге қарай баратын 2 мың шақырымға жуық жол жөндеуден өтеді, – деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы.
Шығыс Қазақстанда «Өскемен-Алтай-Рахман қайнары» тасжолының 0-45, 110-140, 151-186, 199-203, 205-207, 211-214, 366-399 шақырымы аралығындағы жол учаскесі жөнделеді. Сондай-ақ, 4 көпір күрделі жөндеуден өтеді. Катонқарағай ауданында «Катонқарағай» ұлттық паркі және «Рахман қайнары» шипажайы бар.
Ақмола облысында «Астана-Қорғалжын» жолының 19-58 шақырымы аралығында орта жөндеу жұмыстары өтеді. Бұл жол «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені мен «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығына барады.
Ал Алматы облысыда «Көкпек-Кеген-Түп-Жалаңаш-Саты-Көлсай к. баратын жол» автожолының 3-24 шақырымы, «Көкпек-Кеген-Түп» жолының 26-41, 68-88 шақырымы аралығында орта жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл бағыт бойынша «Көлсай» ұлттық паркіне және Қайынды, Көлсай көлдеріне баруға болады.
Сонымен қатар, «Сарыөзек-Көктал» автожолының 0-45, 110-141, 142-178 шақырымы жөнделіп, «Алтынемел» ұлттық паркіндегі «Айғай құмға» баратын жолдың жағдайы жақсармақ.
Жетісу облысында Алакөл көлі мен «Алакөл» қорығына баратын «Үшарал-Достық» жолының 0-2,9 шақырымы аралығындағы жол учаскесі жөнделеді.
Батыс Қазақстан облысында Жәңгір ханның резиденциясына апаратын «Хан Ордасы ауылына кіреберіс» автожолының 0-21 шақырымы аралығында жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Қарағанды облысы бойынша туристерге «Қарқаралы» ұлттық паркіне бару үшін «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғаз» жолының 17-60, 60-102, 130-163, 175-185, 207-217, 249-265 шақырымы аралығындағы жол учаскесі жөнделеді.
Павлодар облысында «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульяновск» тас жолының 100-105 шақырымы күрделі жөндеуден, ал 82-91, 94-99, 221-231 шақырымы орта жөндеуден өтеді. Бұл бағытта «Баянауыл» ұлттық паркі бар.
Түркістан облысы бойынша «Самара-Шымкент» жолының 2186-2216 шақырымы орта жөндеуден, 2056 шақырымдағы айналма жолы күрделі жөндеуден өтпек. Бұл бағытта Сауран қалашығы бар.