Түркістанда жаңа туристік аймақ бой көтереді

Астана, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс барысымен Түркістан қаласын аралады. Әуелі «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аймағы маңындағы Ортақ елдімекеніне барды.

Онда өңір басшысы жаңадан бой көтеретін туристік аймақ жобасымен таныстырды, деп жазады Түркістан облысы әкімнің баспасөз қызметі.

«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аймағы маңындағы Ортақ елдімекенінен Ясауи кесенесі жақсы көрінеді. Дәл осы аймақтан жаңа туристік аймақ салу қажет. Тұрғын үйлер шығыстық үлгімен салынып, биіктігі 3 қабаттан аспайтын болады. Сондай-ақ, сол қаланы қақ жаратын өзен жүргізіп, айналасына көлшіктер жасау керек. Бұл қаладағы ылғалдылықты арттырады. Туристер үшін арнайы этноауыл да орын тебетін болады. Тиісті басқармаларға құрылысты бастау үшін арнайы зерттеу жүргізіп, құжаттамаларын әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар, барлық инфрақұрылым мәселелері шешілетін болуы тиіс», - деді Өмірзақ Естайұлы.


Бұдан соң облысы әкімі Түркістан қаласының кіреберіс қақпасына аялдады. Онда алдағы уақытта қаланың шырайын ашатын ғимараттар бой көтеру қажеттігін тапсырды.

«Түркістан қаласының кіреберіс қақпасы көрікті болуы тиіс. Облыс орталығына келген туристер әуелі жаңа қаланы көріп, кейін көне қаламен қауышуы қажет. Сол үшін қаланың қақпа тұсында заманауи ғимараттар бой көтеруі керек», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс орталығындағы сапар аясында өңір басшысы қаланы суландыру жүйесімен, жасыл желек жұмыстарымен таныс болып, бірқатар тапсырмалар берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы