Түрікменстандағы мыңға тарта қандас атамекенге қоныс аударады
Түрікменстандағы мыңға тарта қандас атамекенге қоныс аударуға ниетті. Бұл туралы "Отандастар" қорының басшысы Абзал Сапарбекұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Отандастар" қорының басшысы Абзал Сапарбекұлы Түрікменстандағы мыңға тарта қазақ қандас мәртебесін алуға өтініш бергенін айтады. Ең бастысы, қазір шетелде жүріп те өтініш беруге болады. Сондай-ақ Моңғолиядан 185 отбасы көштің қамына кіріскен. Оның 15-і елге оралып та қойды. Қазір оларды Солтүстік Қазақстан аймағына қоныстандыру мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды "Хабар 24".
Жалпы "Отандастар" қоры қандастардың этникалық қазақ екенін құжат бойынша дәлелдеу, солтүстік өңірлерге квота шеңберінде қоныстандыру және шетелдегі қазақ ұйымдарына қолдау көрсетумен айналысады.
"Әрине, бірқатар түйткіл мәселе бар. Олардың ішінде осы Түрікменстаннан көшетін қандастарымызды солтүстік облыстарында тұрақтандыру мәселесі. Бұл жерде негізгі міндет жергілікті атқарушы органдарының үлесінде. Өйткені Еңбек министрлігі, Ішкі істер минитсрлігі бұларды құжаттандыру мәселесімен айналысатын болса, оларды сол жерде нақты көмек, жұмыспен қамтамасыз ету, тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады, - дейді "Отандастар" қорының басшысы Абзал Сапарбекұлы
Айта кетсек, қор өткізген жиында мәлім болғандай, мамырдың 26-28-і күндері Келн қаласында Еуропа қазақтарының дәстүрі құрылтайы болады. Оның шеңберінде алғаш рет қазақ жастары алғаш бас қосады. 9-10 маусымда Мәскеуде Ресейдегі қазақ ұйымдары басшыларының жиыны жоспарланған. Сондай-ақ Моңғолияда кіші құрылтай ұйымдастырылса, күзде АҚШ-тағы қазақтардың тұңғыш форумы өткізілмек.