Түрікменстан президентінің демалысы: жаңа ән жазып, кітап шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 4 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 21.00-де Түрікменстанның «Altyn Asyr» орталық телеарнасындағы «Watan Habarlary» жаңалықтар топтамасында ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің еңбек демалысын қалай өткізіп жатқанын көрсетті. 

«Құрметті президентіміз еңбек демалысында отбасымен бірге болып, спорттың бірнеше түрі, оның ішінде автомобиль спорты және түрлі шығармашылық жұмыспен айналысты. Президентіміздің еңбек демалысындағы сәттерімен бөлісуді жөн көрдік», - деп бастады жаңалықтарды жүргізуші.

27 минутқа дейін созылған кадрда Бердімұхамедов таң атпай велосипедпен серуендеп жүр. Оның елдегі спортқа ерекше ықылыс қойып жатқаны туралы айтылады. Содан кейін президент «Шамұрат» деген атқа мінеді және видео авторы президенттің ат спортын дамытуға ерекше назар аударатынына тоқталады. 

Кейін президент Түрікменстан қарулы күштеріне қосылған жаңа қаруды сынақтан өткізеді. Ол бірнеше рет межеге дөп тиеді. Видеода оның жас кезінде мылтық атудан ел чемпионы болғаны айтылады.
Әрі қарай ел басшысы демалысын Ашхабадтағы Олимпиадалық қалашықта тағы велосипед тебумен жалғастырды.

Кадрдан бірнеше қызметкердің иіліп барып, президенттің қолын алғанын көруге болады. 

Кейін президент боулинг ойнап, страйк жасады. Қасында жүрген адам 1 кегел құлатты.
Содан соң бассейнді тексерді. Артында еріп келе жатқан қызметкерлер басын изеп тұрып, президенттің «бұйрығын» қабыл алғанын білдірді. 

Тренажер залына және музыкалық студияға кірді. Түрлі аспапта ойнап, «Жаса, Түрікменстан, тек алға!» деген жаңа ән жазды.

Кейін автомобилге мініп, Қарақұм шөліндегі газ кратеріне барды.  Бұл кезде кадрдан көңілі музыканың дауысы шықты.

Бердімұхамедов кітап жазуды да естен шығармаған. Түрікмен алабайлары туралы еңбегінің «сахипаларын» (беттерін) қарап шықты. Кейін қол қойып, басылымға жіберді. 

Кадрдың соңында Түрікменстан басшысы бір кесе шай ішіп, жымиды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы