Түрік мәдениет орталығындағы кітапхана оқу залы ретінде жұмыс істейтін болды

Астанадағы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығында «Ахмет Яссауи» кітапханасы жаңартылып, қайта жабдықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оған демеушілік еткен Қазақстанда тұратын Түркия кәсіпкері Тансель Терджан мен зайыбы Нурфер Терджан.

Бұл кітапхана көп жылдар бойы менің әйелім Нұрфер Терджанның арманы болды. Бұл жобаны отбасылық адал досымыз Руслан Асқаровтың бірлескен күшімен жүзеге асырдық. Осы кітапхананың білім мен шығармашылық орталығына айналатынына сенеміз, - деді Тансель Тержан тұсаукесер рәсімінде.

Ал Астана Юнус Эмре түрік мәдениет орталығының директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина өз сөзінде кітапхананың бүгінге дейін абонементтік тәсілмен жұмыс істеп келгенін атап өтті.

ЕҰУ мен Назарбаев университеттерінің түрікше бөлімдерінде білім алып жатқан студентттер, магистрант-докторанттар, басқа да кітапхана оқырмандары оқу залының ашылуы жөнінде талаптарын жеткізетін еді. Енді кітапхана қайта жабдықталып, оқу залы ретінде жұмыс істейді. Терджан жұбының қолдауының арқасында оқу залы қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілді, қосымша кітаптар алынды, - деді ол.

Алмагүл Исина сондай-ақ Юнус Эмре институтының тек мәдени орталық қана емес, академиялық орта ретінде де оқырманның талабына жауап бере алатын орталыққа айналатынына сенім білдірді.

Кітапханамыз теңізге түскен тамшыдай болса да, елордалық қазақ оқырмандарға қызмет көрсетсе деген ойдамыз. Кітапхана дүйсенбі-жұма күндері сағат 10.00-17.00 аралығында үзіліссіз жұмыс істейді. Кітаптар сырттан келген абоненттерге 2 аптаға үйге де беріледі, - деді ол.

Тұсаукесер рәсіміне Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мустафа Капуджу, Қазақстан Парламенті мен Түркияның Қазақстандағы ұйымдарының өкілдері қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы