Түрік компаниясы салып жатқан ЖЭО құрылысы қалай жүріп жатыр?
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласында салынып жатқан жылу электр орталығы жөнінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
215 млрд теңгеге “Акса Энерджи” түрік компаниясының жобаны жүзеге асыруымен жылу электр орталығы салынып жатыр. Құрылыс 2022 жылдың аяғында басталды. Қазіргі таңда инвестор 127 млрд теңге инвестиция салды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметі брифингінде.
Өңір үшін маңызды нысан 2025 жылдың қыркүйегінде іске қосылады деп күтіледі. Әкім құрылыс басына кем дегенде айына бір рет барып, құрылысты бақылап жүргенін жеткізді.
Бұл – еліміздегі жеке қаржыға салынып жатқан ең алғашқы жылу электр орталықтарының бірі. 240 мегават электр энергиясын шығарады. Бұл біздің өңірімізді толық электр энергиямен қамтамасыз етеді. Біздің қазіргі қажеттілігіміз 180 мегават. 60 мегаватты сыртқа сатуға мүмкіндік алатын боламыз, - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Ол сондай-ақ ЖЭО инвесторымен келісім ерекшелігін де атады.
Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі біздің мемлекеттің инвестор алдында қаражатын қайтарып беру сияқты ешқандай міндеттемелері жоқ. Инвестор елде бекітілген бағамен электр энергиясын сатады, - деді әкім.