Түрік компаниясы Батыс Қазақстан облысына инвестиция құюға мүдделі
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев "Fatinoglu" түрік холдингінің өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Батыс Қазақстан облысының аумағында жаңа жоғары технологиялық өндіріс құру жобасын жүзеге асыру аясында ынтымақтастық мүмкіндігін талқылады.
Нариман Төреғалиев облыс әкімдігі талқыланып жатқан жобаны жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтіп, қазіргі уақытта БҚО аумағында түрік капиталын тарта отырып, 7 кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын алға тартты.
Өңірлерге инвестиция тарту Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Біздің облыс Түркия Республикасының компанияларымен белсенді ынтымақтасады, 2023 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 321,5 млн долларды, экспорт – 303,4 млн долларды, импорт – 18 млн долларды құрады. Біздің облыста жаңа жоғары технологиялық өндіріс құру жөніндегі бастамаларыңызды жүзеге асыруға мүдделі екендігіміз сөзсіз. Біз өз тарапымыздан сіздердің идеяларыңызды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді облыс әкімі.
Ол сондай-ақ холдингтің өңірге кіруі жаңа технологияларды трансферттеу, жаңа жұмыс орындарын құру тұрғысынан келешегі мәні зор екенін, бұл жалпы аймақ экономикасына оң әсер ететінін атап өтті.