Ноғаев: Тұрғындардың шағымдары бойынша белсенді жұмыс жасалуы керек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Telegram-дағы "Атырау облысы əкімдігінің" чат-каналына тұрғындардан келіп түскен сауалдар бойынша, қаланы аралады, деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінгі күнге дейін чат-каналға 10 мыңнан астам тұрғын тіркеліп, чат ашылғаннан бері 6500 сұрақ қойылған. Тұрғындар қойған сауалдарға облыс әкімінің өзі және барлық мемлекеттік мекемелер басшылары тікелей жауап беруде.
Аралау барысында Нұрлан Ноғаев тұрғындардың чат-каналда апатты жағдайдағы үйлердің мəселесі бойынша қойылған сауалға байланысты, Азаттық көшесіндегі апатты үйлерге барды. Қалалық ТКШ бөлімі мамандарының айтуынша, бұл үйлер апатты үйлердің тізіміне енген. Кезек бойынша апатты үйлер қиратылып, тұрғындарға жаңадан үйлер берілетін болады.Айта кетейік, бүгінгі таңда Атырау қаласы бойынша апатты жағдайда 71 тұрғын-үй мен 12 жатақхана бар. Осы мәселені шешу бағытында қазіргі таңда "Нурсая" және "Береке" ықшам аудандарында көпқабатты тұрғын-үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда ең бірінші 12 жатақхананың тұрғындары көшірілетін болады.
Сонымен қатар, Telegram-чатқа келіп түскен сауалдардың бірі ескі булау-тазалау станциясына байланысты. Сауалды жолдаған Атырау қаласының тұрғыны Танат Нұрымов. Тұрғынның айтуынша, кезінде вагон цистерна ішіндегі мұнай қалдықтарын тазалайтын бұл станцияның жұмысы 2006 жылы соттың шешімімен тоқтатылған. Дегенмен, жұмыс тоқтатылғаннан кейін, бұл жердегі мұнай қалдықтары толық жиналмаған. Осы мәселеге қатысты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өзі сол жерге жеке барып, бұл істің қадағалануын прокурорға тапсырды.
"Барлық мемлекеттік мекемелер басшылары əлеуметтік желідегі тұрғындардың сауалдары бойынша белсенді түрде жұмыс жасаулары қажет. Мемлекет басшысы халықпен байланыс орнату үшін нақты тапсырмалар берді. Сол тапсырмаларды орындау үшін, бізде барлық жағдай қарастырылған", - дейді Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі аралаған келесі нысан "Аяла" әлеуметтік оңалту орталығы. Бұл орталық қаладағы дамуында түрлі бұзылыстары бар және тағы да басқа ауытқуы бар балаларға арналған. Орталықтың басшысының айтуынша, жылына 500-дей баланы қабылдай алатын бұл орталықта тұзды сауна, бассейн, массаж сынды барлық жағдайлар жасалатын болмақ. Аймақ басшысы бұл орталықтың қаламызға кажетті нысан екенін айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.