Тұрғындар үйден шығуға қорқып отыр: Қостанай облысындағы екі адамның өлімі өңірді дүр сілкіндірді

Қостанай облысындағы Аманқарағай ауылында екі адам өлтірілді. Полиция күдіктіні іздестіруде, тұрғындарға үйден шықпау және сақтық шараларын сақтау ескертілді. Тергеу амалдары жалғасуда, оқиға өңірді дүр сілкіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі "Наша газета" басылымына сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мессенджерлерде ауылда қос кісі өліміне қатысты ақпарат таралып, адамдарға үйден немесе жұмыстан себепсіз шықпау жөнінде ескерту жасалған. 

Аманқарағайда екі адамның мәйіті табылды. Жолдар жабылды, полиция барлық жерде күдіктіні іздеп жатыр. Егер жұмыста болсаңыздар, сол жерде қала тұрыңыздар, үйде болсаңыздар, есікті мықтап жауып, бейтаныс адамдарға ашпаңыздар. Туыстарыңыз бен жақындарыңызға да ескертіңіздер, - делінген хабарламаларда.

Тұрғындар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде болған оқиға туралы хабарламаларды таратып жатыр.

Белгілі болғандай, қос кісі өлімі туралы полицияға жергілікті тұрғын хабарлаған. Ол көшеде кішкентай қызды көріп қалған. Қыз бала өз анасы мен ағасының үйде еденде жатқанын айтып, көмек сұраған. Қанды қылмысқа ересек ер адамның қатысы болуы мүмкін екені айтылды, алайда оның марқұмдармен туыстық байланысы туралы нақты мәлімет әзірге жария етілген жоқ.

Қостанай облыстық полиция департаменті қос кісі өлімі фактісін растады. Қазір күдіктіні ұстау үшін жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр. Сондай-ақ, қылмысқа қатысты барлық мән-жай анықталуда. Тергеу мүддесіне орай өзге деректер уақытша жарияланбайды.

Полиция аймақтағы тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтап, бейтаныс адамдарға есік ашпауға кеңес беріп отыр. Бұл оқиға Қостанай өңірін дүр сілкіндірді, ал жергілікті билік пен құқық қорғау органдары қылмыскерді ұстау үшін барлық күшін жұмылдыруда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы