“Тұрғындар қай жерде тұрып жатқанын білмейді”: Депутат министрдің баяндамасын сынға алды
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа құрылысқа қатысты өзекті сауалдар қойды. Ол министрдің баяндамасында нақты деректердің бұрмаланғанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ерсайын Қайырғазыұлы, баяндамаңызды кім дайындап бергенін білмеймін, бірақ онда кей фактілер нақты емес. Мысалы, лицензия саны 80 мың емес, Жоғары аудиторлық палатаның ресми қорытындысы бойынша – 93 500. Енді нақты мәселеге көшейік, – деді депутат.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, Қазақстан аумағының едәуір бөлігі сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады, әсіресе Алматы қаласы мен маңайы. Жер сілкінісін болжау – әлемдегі ең күрделі әрі белгісіз үдерістердің бірі.
Құрылыс кодексі Мәжіліске алғаш түскен кезде, оның сейсмикалық қауіпсіздікке қатысты нормалары өте әлсіз болды. Тіпті, құрылысшылардың мүддесіне сай жазылғандай әсер қалдырды, – деді ол.
Депутат жақында жұмыс тобы арқылы сейсмикалық қауіпсіздік бойынша өз түзетулерінің қолдау тапқанын айтып, алайда әлі де екі маңызды мәселе ашық күйінде қалып отырғанын жеткізді.
Депутаттың айтуынша, Алматыдағы 27 тектоникалық жарықтың 13-і бүгінде көпқабатты тұрғын үйлермен толықтай салынып кеткен. Тұрғындар өздерінің қай жерде тұрып жатқанын білмейді.
Мысалы, қазір "Rams" компаниясы салып жатқан 40 қабатты мұнара – алтыншы диагональды тектоникалық жарықтың үстінде тұр. Бұл – жоғары қауіпті аймақ, – деді ол.
Тектоникалық жарықтарда құрылысқа тыйым салына ма? Сел жүруі мүмкін, көшкін қаупі бар аймақтарда тұрғын үй кешендерінің құрылысына тыйым салына ма? Бұл екі сұраққа нақты жауап беріңіз. Егер бұл аймақтар қауіпті болса, онда неге құрылысқа рұқсат етіледі? – деп сұрады депутат.
Министр Ерсайын Нағаспаев сейсмикалық қауіпсіздік мәселесінің маңыздылығын растай отырып, жаңа Құрылыс кодексінде бұл бағытқа арнап жеке тарау енгізілгенін атап өтті.
Сейсмикалық қауіп пен тәуекелдерді бағалау, сейсмооқшаулаушы жүйелерді пайдалану және ғимараттарды сейсмикалық паспорттау сынды тетіктер енгізіліп жатыр. Сіздің бастамаңызбен сейсмикалық паспорттау жүйесі енгізіледі. Бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар жүргізуі тиіс, олар ғимараттардың сейсмикалық тәуекел деңгейін анықтайды, – деді министр.
Депутат сұрағына нақты жауап ала алмаған соң, қайта сұрап, “тектоникалық жарықтар мен көшкін қаупі бар аймақтарда құрылысқа тыйым салына ма, жоқ па?” деп, нақтылауға тырысты.
Әрине, ондай жерлерде құрылыс жүргізілмейді. Бұл мәселені екінші оқылымға дейін қарастырып, қажет болса қосымша түзетулер енгіземіз, – деп жауап берді министр Ерсайын Нағаспаев.