Тұрғындар өздері сайлаған әкімнің жауапкершілікпен жұмыс істейтініне сенімді

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде ауыл әкімдерінің сайлауы ұйымшылдықпен өткізілуде. Зеренді ауданы Шағалалы ауылының №507 учаскесінде ауыл әкімдігіне үш үміткер тіркелген.

Сайлау учаскесі ауылдағы ауыл шаруашылығы колледжінің ғимаратында орналасқан.

Сайлау учаскесіне тіркелген 24 адам денсаулығына байланысты үйлерінде дауыс береді. Сайлаушылар ағыны сағат оннан бастап көбейе бастады, - дейді сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Кәрімов.

Жергілікті тұрғынардың айтуынша, округтегі ең басты мәселе – жайылымдар мен шабындықтар.

Мемлекет басшысының бұл бастамасы көңілге қонымды. Біздің заманымызда бірде-бір жұмыссыз адамды кездестірмейтінбіз. Қазір жастардың көпшілігі жұмыссыз отырғаны қынжылтады. Жұмыссыздықтың әсерінен жағымсыз оқиғалар да орын алады. Мен ел болып сайлаған әкім алдымен осы мәселеге назар аударғанын қалаймын, - дейді Владимир Соломин есімді азамат.

№ 506 сайлау комиссиясы ауылдық орта мектепке орналасқан. Мұнда 692 сайлаушы тіркелген, 7 адам үйде дауыс береді.

Біздің сайлаушылардың көбі мектептен алыс тұрады. Мысалы, өзеннің арғы бетіндегі Нұрлыкөш үш шақырым жерде орналасқан. Советский көшесінің шетіндегі аумақ та осы учаскеге бекітілген. Тұрғындардың барлығына сайлау өтетін орын алдын ала хабарланды, - дейді сайлау комиссиясының төрағасы Болат Бимағамбетов.

Үміткерлер сайлаушылармен кездесіп, ауылда шешілмеген өткір мәселелер туралы пікірлескен. Ауыл халқы алғаш рет ұйымдастырылған саяси науқанға үлкен үміт артып отыр.

Тұрғындарды қатты толғандыратын – жер мен жол мәселелері. Егер халық сайлаған жаңа округ әкімі бұл мәселелерді оң шешсе, ауылдың жағдайы көш ілгерілері сөзсіз, - дейді округ тұрғыны Қымбат Тұрарова.

Ауыл халқы өздері сайлаған әкімнің жауапкершілікпен жұмыс істейтініне сенімді. Жалғыз Шағалалы ауылында ғана емес, облыстың 95 сайлау округінде де 318 кандидат ұсынылды.

Кеше облыс орталығының өңірлік коммуникациялар қызметінде сайлауға байланысты бірнеше брифинг өтті. Оның барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов облыстағы сайлаушылардың жалпы саны 100111 адамды құрайтынын атап өтті.

Бюллетень алған сайлаушылар саны – 8826. Көкшетау қаласында сайлаушылардың 3 пайызы, Степногорск қаласында-6 пайызы дауыс берді. - Қалған аудандарда дауыс бергендер саны 8-ден 20 пайызға дейін ауытқиды, - деді Манарбек Сәдуов.

Облыстың сайлау учаскелерінде 436 байқаушы жұмыс істейді.

Әр учаскеде бір-бірін алмастыратын екі стационарлық байқаушы бар. Сағат 11-ге дейін алынған мәліметтер бойынша 20385 адам дауыс берді. Бұл 20,12%. Сайлаушылардың жалпы саны 100111 адам, - дейді облыстық байқаушылар штабының жетекшісі Ерлан Закирьянов.

Оның айтуынша, сайлау штаттық режимде өтуде. ҚР Заңнамасының бұзушылықтары тіркелген жоқ.

Әр сағат сайын біз өзіміздің аудан капитандарынан, тұрақты байқаушылардан ақпарат аламыз. Біздің байқаушыларымыз учаскелер ашылған сәттен бастап қатысты, оларды ашу туралы актілер жасады. Жалпы, сайлау ашық өтуде. Дауыс берушілердің арасында алғаш рет таңдау жасаған жастар да бар,- дейді Ерлан Закирьянов.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы