Тұрғын үймен қамтамасыз ету. Әскери қызметшілерге жақсы мүмкіндіктер туады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігі Online-брифингінің кезекті шығарылымында Қарулы Күштер Әскери инфрақұрылым бас басқармасының өкілі әділет подполковнигі Дәуренбек Жұмабек әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жөніндегі сұрақтарға жауап береді.
Армысыздар! Эфирде қорғаныс министрлігінің онлайн-брифингі. Әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселелерін шешу Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі үшін әрдайым өзекті мәселе.
Бүгінде Отанымызды қорғау жолындағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің едәуір тиімді тетігі жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерге қатысты тұрғын үй заңнамасын жетілдіру жұмысын да жүргізіп келеді.
Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Қарулы Күштердің Әскери инфрақұрылым бас басқармасының өкілі әділет подполковнигі Дәуренбек Жұмабек айтып бермек.
Дәуренбек Болатұлы, қош келдіңіз!
-Сәлеметсіз бе!
-Бүгінде әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қалай жүргізіліп жатыр, сол туралы айтып берсеңіз?
-Қазіргі уақытта әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері қызметтік тұрғын үймен және олардың арнайы есеп-шоттарына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы қамтамасыз етіледі. Жаңа механизмді енгізгеннен кейін, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, он екі мыңнан астам әскери қызметшілер ипотекалық кредит арқылы өз пәтерлерін сатып алды. Төрт жүз елу бір әскери қызметші қызметік тұрғын үй-жайды жекешелендірді. Тұрғын үйге мұқтаж барлық әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алады. Жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда тұратын әскери қызметшілер тұрғын үйден басқа тұрғын үй төлемдерінің 50 пайыз мөлшерін алады. Сонымен барлық әскери қызметші тұрғын үймен толық қамтамасыз етіледі деп пайымдаймыз.
-Қорғаныс министрлігі тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы қолданыстағы заңнаманың қандай негізгі аспектілерін қайта қарауды жоспарлап отыр?
-Қорғаныс министрлігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірге «ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізуге ұсыныстар әзірленді. Сол түзетулерді Парламент Мәжілісі қолдап, қазіргі уақытта Парламент Сенатында қаралуда. Негізгі түзетулердің ішінде жекешелендіру құқықтарын қарастырып жатырмыз. Қазіргі уақытта жекешелендіру 2013 жылдың 1 қаңтарына дейінгі әскери еңбек өтілі 10 жыл болса ғана, әскери қызметшілер жекешелендіру құқығын пайдалана алады. Яғни, әскери қызметшінің әскери қызметтегі еңбек өтілі 2013 жылдың 1 қаңтарында 10 жылдан кем болса, онда ол әскери қызметшіде жекешелендіру құқығы жоқ. Сондықтан біздің ұсыныстарымыз бойынша осы 2013 жылдың 1 қаңтарына дейінгі дегенді алып тастауды ұсынып жатырмыз. Сонда әскери қызметшілердің 10 жылдан астам еңбек өтілі болса, ол қалдық сома арқылы тұрып жатқан үйді жекешелендіре алады. Ал 20 жылдан кейін ол өтеусіз жекешелендіре алады. Сонымен қатар, 10 жылдан астам еңбек өтілі бар әскери қызметшілер, қолында мүгедек балалар бар болған жағдайда, олар тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіре алатын ұсыныстарды енгізіп жатырмыз. Ендігі бір мәселе әскери қызметте жүріп, жекешелендіру мүмкіндігіне ие болмаған әскери қызметшілерге қатысты. Егер ол әскери қызметші қызметтен босатылғаннан кейін қайтыс болса, қазіргі уақытта жекешелендіру құқығы олардың отбасы мүшелеріне берілмейді. Біз ол әскери қызметшінің құқығын оның отбасы мүшелеріне беруді ұсынып жатырмыз.
- Қорғаныс министрлігі ұсынған түзетулердің қатарында – «модульдік мобильді тұрғын үй» деген жаңа ұғымды заң жүзінде бекіту бар. Осы жаңалық туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
- «Модульдік мобильдік тұрғын үй» ұғымы қазір редакциялық түзетілуде. «Модульдік мобильдік тұрғын үй» ол тез орнатылатын және әскери қызметшілер басқа жаққа алмастыратын жағдайда қарастырылған тұрғын үйлер. Олар тек жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда орнатылады. Онда әскери қызметшілер және арнаулы мемлекеттік органның қызметкерлері ғана тұруға құқығы бар. Олар жекешелендіруге жатпайды, өйткені олар жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда орнатылады. Олардың жай үйлерден айырмашылығы болмайды, өйткені баспана ішінде барлық инфрақұрылым құрылыстық нормаларға сәйкес тұрғызылады.
-Жалпы, Қорғаныс министрлігі ұсынған қолданыстағы заңнамаға түзетулер әскери қызметшілердің әлеуметтік қамтылуын жақсартуға бағытталған деп айтуға бола ма?
-Яғни, мен бірінші сұраққа жауап берген кезде айтқанмын, жекешелендіру құқығын біз өзгертіп жатырмыз, өзгертуге ұсынып жатырмыз. Содан кейін тұрғын үй төлемдері бойынша басқа жақсарту нормаларын ұсынып жатырмыз. Сол нормалар толық қолданса, әскери қызметшілерге жақсы мүмкіндіктер туатын болады.
-Дәуренбек Болатұлы, сұқбат бергеніңізге көп рахмет! Сау болыңыз!
-Сау болыңыз!