Кеше 2026, 22:24 Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Тұрғын үйлер маңында көлік қоюға тыйым салынбайды – министрлік

Құжаттың негізгі мақсаты – қолданыстағы нормаларды Құрылыс кодексіне сәйкестендіру және абаттандыру ережелерін жаңарту.

Бірқатар әлеуметтік желілер мен БАҚ-та 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда тұрғын үйлер маңында автокөлік қоюға тыйым салынады деген ақпарат тарады. Бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлады Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

Ведомствоның түсіндіруінше, «Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларында» мұндай жаңа шектеу қарастырылмаған.

Құжаттың негізгі мақсаты – қолданыстағы нормаларды Құрылыс кодексіне сәйкестендіру және абаттандыру ережелерін жаңарту. Бұрыннан бар талаптар қайта бекітіліп, кей тұстары нақтыланған.

Атап айтқанда, жеке тұрғын үйлердің іргелес аумағында кейбір жылжымалы мүліктерді ұзақ уақыт сақтауға жол бермеу нормасы нақтыланған. Олардың қатарына автокөліктер мен тіркемелер де енгізілген.

Алайда бұл көлік қоюға тыйым салу емес, тек ортақ аумақта мүлікті ұзақ уақыт бойы сақтап, ретсіз орналастыруға қатысты талап.

Министрлік көлік құралдарын арнайы белгіленген тұрақ орындарында пайдалануға ешқандай шектеу енгізілмегенін атап өтті.

Ведомство азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және жалған хабарламаларды таратпауға шақырды.