Тұрғын үй құрылысына айрықша мән беріледі – Президент

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажет. Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. Ерменсай және Барлық өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды, – деді Президент.

Сондай-ақ ол тұрғын үй құрылысына айрықша мән берілетінін айтты.

Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға байланысты. Сондықтан, сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, ескілерін жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек. Мен Алматының тарихи орталығында коммуналдық инфрақұрылымның тозып бара жатқанын айттым. Әкімдік ондағы ескірген желіні уақтылы жаңғыртып отыруы керек. Мысалы, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бар, соны тиімді пайдаланған жөн. Баршаңызға белгілі, қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келеді. Сондықтан, тұрғын үй құрылысына айрықша мән беріледі,  –деді Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы