Бүгiн 2026, 11:36 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Тұрғын үй мен білім: Қазақстандықтар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасынан қанша ақша жұмсады?

«Ұлттық қор - балаларға» жобасы аясында қазақстандықтардың қанша ақша жұмсағаны белгілі болды.

Қазақстанда Ұлттық қордан балаларға жинақ ретінде қаражат бөлуді қарастыратын «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап қазақстандықтар 273 мыңнан астам өтінім беріп, тұрғын үй мен білім алуға 46 миллион доллардан астам қаражат жұмсады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қаражат көбіне неге жұмсалады?

БЖЗҚ мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша сомасы 46,83 млн доллардан асатын 273 371 өтінім орындалды.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 29,40 млн АҚШ долларына 171 696 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 17,43 млн АҚШ долларына 101 675 өтініш қанағаттандырылды. Нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін ғана пайдалануға құқылы, пайдаланылмаған сома нысаналы жинақтау шотында қалады, - деп хабарлады БЖЗҚ баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, тұрғын үй жағдайын жақсарту ең танымал бағытқа айналды. Қазақстандықтар қаражаттың басым бөлігін тұрғын үй құрылыс жинақтарындағы салымдарды толықтыруға жұмсаған. Сондай-ақ, ақша ипотека бойынша бастапқы жарна ретінде немесе үй сатып алу үшін пайдаланылуда.

Қаражат білім алуға да белсенді жұмсалып жатыр. Көбінесе – қазақстандық жоғары оқу орындарындағы оқу ақысын бөліп немесе бірден толық төлеуге бағытталады. Бұдан бөлек, жинақтаушы білім беру салымдары мен шетелде оқу ақысын төлеу қызметтеріне де сұраныс жоғары.

Балалар қанша ақша алады?

2025 жылдың қорытындысы бойынша әр балаға 130,71 доллар есептелді. Бұған дейін төлемдер 2024 жылы 129,38 долларды, ал 2023 жылы 100,52 долларды құраған болатын.

Бағдарламаға қатысу мерзіміне байланысты жинақтардың мөлшері шамамен мынадай:

3 жыл үшін: 370 доллар маңында;

2 жыл үшін: 263 доллар шамасында;

1 жыл үшін: 130 долларға жуық.

Аударылған қаражатты қалай тексеруге болады?

Ақпаратты eGov порталы, банктердің мобильді қосымшалары немесе kids.enpf.kz сайты арқылы тексеруге болады.

БЖЗҚ мамандары атап өткендей, бала 18 жасқа толғаннан кейін бұл қаражатты тұрғын үй алуға немесе білім алуға пайдалану мүмкіндігі туады.

Кәмелетке толмаған балалардың бағдарламаға қатысуын оның ата-анасы мен өзге де заңды өкілдері баланың ЖСН енгізе отырып, kids.enpf.kz сайты, eGov.kz электронды үкімет порталындағы жеке кабинет, eGov Mobile және бірқатар екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексере алады, - делінген хабарламада.

Егер 2025 жылы балаларға есептелген нысаналы талаптар туралы мәлімет көрінбей тұрса, онда қосымшалардағы құжаттарды келесі әдіспен жаңарту керек:

  • eGov Mobile қосымшасында: «Цифрлық құжаттар» - «Отбасы» - «Құжаттар тізімін жаңарту» - «Ұлттық қордан түсімдер».

  • Банктердің мобильді қосымшаларында (мысалы, Kaspi.kz): «Мемлекеттік қызметтер» - «Барлық құжаттар» - «Құжаттар тізімін жаңарту» - «Ұлттық қордан түсімдер».

Еске салайық, бұған дейін ерекше балалардың Ұлттық қордағы ақшасын кім басқара алатынын Ұлттық банк түсіндірген болатын.

Тағы оқи отырыңыздар:

3,4 трлн теңге қайда кетті? Тексеру Ұлттық қордағы кемшіліктерді көрсетті 

Аймағамбетов балалардың шотындағы ақша көбейіп жатқанын айтты

"Ұлттық қор – балаларға" аударымдары eGov-тан жоғалып кетті: БЖЗҚ не істеу керегін түсіндірді