4 Тамыз 2026, 11:38 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Тұрғын үй көп, мектеп аз: Алматы билігі мәселені қалай шешпек? 

Алматыда соңғы бес жылда мектеп оқушыларының саны 33 мыңнан астам балаға көбейген.

Алматы қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан Алатау және Наурызбай аудандарында мектеп салу жұмыстары күшейтіледі. Бұл туралы Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, уәкілетті органдар жаңа ықшамаудандарға толық талдау жүргізген. Соның нәтижесінде әлеуметтік нысандар салынуы тиіс жер телімдері анықталған.

Бүгінде осы аудандар бойынша толық талдау жүргізілді. Қажетті орындар анықталды. Біз әлеуметтік нысандардың, оның ішінде мектептердің құрылысына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Әсіресе, қаланың батыс қақпасы саналатын Алатау ауданында бұл бағыттағы жұмыстар басымдыққа ие, – деді Нұрбол Нұрсағатов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.

Басқарма басшысы халық саны жыл сайын артып жатқан жаңа тұрғын аудандарда білім беру инфрақұрылымын дамыту қала әкімдігінің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, әлеуметтік нысандарды салу тұрғын үй құрылысының қарқынымен қатар жүргізіледі.

Айта кетейік, Алматы қаласында соңғы бес жылда мектеп оқушыларының саны 33 мыңнан астам балаға көбейген. Соның салдарынан қаладағы білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының BAQ.KZ-ке берген ресми жауабында айтылған болатын.

Бұған дейін Нұрбол Нұрсағатов жаңа Құрылыс кодексі күшіне енгелі «қара тізімге» енгізілген компаниялар туралы айтқан болатын. 

Тағы оқи отырыңыз: Алматыда құрылыс нысандарының сейсмикалық қауіпсіздігі қалай бақыланады?