Тұрғын үй кооперативі: Елімізде 600 мыңдай адам баспана алуға қауқарсыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Тұрғын үй коопервтивтері: Әлеуметтік әлсіз топтарға арналған баспана бағдарламалары» атты баспасөз конференциясында тұрғын үй кооперативтерінің төрағаларының бірі Арген Нұржанов айтты.   

Қазақстанда банктердің ипотекасы мен мемлекеттік бағдарламаларға іліне алмайтын 600 мыңдай адам бар. Олар төлей алмауының себебі түрлі қаржылық ұйымдар мен банктердің шарттары өте ауыр. Бұл санаттағы азаматтардың баспаналы болуына бірден бір шешім – тұрғын үй кооперативтері, – деді ол.

Сонымен қатар спикер көп адам кооперативтерді қаржылық пирамидалармен шатастыратынын айтты. Кооперативтердің желілік маркетинг немесе қаржылық пирамида емес екені туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің шешімі барын да алға тартты. Қаржылық пирамида мен кооперативтердің айырмашылықтары мыналар:

1. Қаржылық пирамида ең алдымен табыс табу мақсатында құрылады. Ал кооперативтерге табыс табуға тыйым салынған. Кооператив коммерциялық емес ұйым;

2. Пирамидаларды бір немесе бірнеше адам өз беттерімен басқарады. Ал кооперативтерде ұжымдық басқару;

3. Пирамидаларда айналым жасырын және қайда инвестициялайтыны белегісіз. Кооперативтерде тек қана нақты материалды активтер болады. 

Бүгінге дейін біздің кооперативтен 13 мың адам шығып, оларға өздері жинаған 4,5 млрд теңге қайтарылып берілді. Үш жылдан бері жұмыс істеп жатқан кооперативтің өзі ғана қазақстандықтарға 1000-нан астам баспана, 400-ден астам автокөлік алып берді, – деді Арген Нұржанов. 

Айта кету керек,  кооперативтер коммерциялық емес ұйым болғандықтан оған Ұлттық банктен лицензия берілмейді. Яғни мемлекет тарапынан ешқандай кепілдік жоқ.

Фото: Раушан НҰРҒАЛИЕВА

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы