Тұрғын үй кезегіндегілер неге баспананы ұзақ күтеді: Зерттеу нәтижесі
Қазақстанда мемлекеттік қолдау арқылы баспана алған азаматтардың өмірі біршама тұрақтанғанымен, тұрғын үй кезегінде ұзақ күту және жеңілдетілген ипотекаға қол жеткізу мәселелері әлі де өзекті. Бұл туралы Еуразия Орталық Азия қорының жоба маманы Баян Нәбиева әлеуметтік тұрғын үй мәселесіне арналған зерттеу нәтижелерін таныстыру кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, зерттеу мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының азаматтар өміріне әсерін бағалауға және баспанаға мұқтаж адамдар кездесетін негізгі қиындықтарды анықтауға бағытталған.
Зерттеу 10 қалада жүргізілді
Баян Нәбиеваның айтуынша, тұрғын үй қатынастары саласында бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан команда азаматтарды көшіру, жалдау ақысын төлеуге көмектесу, жеңілдетілген ипотека және тұрғын үйді жекешелендіру мәселелерімен айналысып келеді.
Осы бағыттағы тәжірибе әлеуметтік тұрғын үй жүйесін қолжетімді әрі әділ етуге қоғам тарапынан сұраныс жоғары екенін көрсеткен. Осыған байланысты зерттеу жүргізіліп, оның аясында мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен азаматтардың баспана алу тәжірибесі қарастырылған.
Біз 10 қаланы араладық. Сонымен қатар тұрғын үй саласындағы жағдайды салыстыру үшін жақын орналасқан тағы екі қалаға бардық. Зерттеу барысында мемлекеттік қолдау арқылы тұрғын үй алған немесе баспана сатып алған 99 адаммен сөйлестік, – деді Баян Нәбиева.
Оның айтуынша, әр қалада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтармен фокус-топтар ұйымдастырылған. Барлығы 10 фокус-топ өткізіліп, әрқайсысына шамамен 10 адам қатысқан. Бұған қоса, мемлекеттік әлеуметтік тұрғын үй нысандары зерттеліп, 80-ге жуық нысанның жағдайы көзбен көріп бағаланған.
Зерттеу барысында азаматтардың баспана алу тарихы, қазіргі тұрмыс жағдайы, тұрғын үйге қол жеткізу жолдары және мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану тәжірибесі қарастырылған.
Кімдердің жағдайы зерттелді?
Зерттеу бес санаттағы азаматтардың тұрғын үй мәселесіне назар аударған. Олардың қатарында бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтар бар.
Жоба маманының айтуынша, зерттеуге қатысушылардың пікірін тыңдау мемлекеттік бағдарламалардың нақты өмірде қалай жұмыс істейтінін түсінуге мүмкіндік берген.
Сонымен бірге зерттеу тобы өңірлердегі үкіметтік емес ұйымдармен, жергілікті атқарушы органдармен, әкімдіктермен және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп жұмыс істеген.
Мемлекеттік қолдау азаматтардың өміріне қалай әсер етті?
Зерттеу нәтижелері мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының баспанаға мұқтаж азаматтар үшін маңызды екенін көрсетті. Әсіресе мемлекеттік жалға берілетін тұрғын үй мен жеңілдетілген ипотека кейбір отбасылардың тұрмыс жағдайын тұрақтандыруға ықпал еткен.
Баян Нәбиеваның сөзінше, зерттеуге қатысқан азаматтардың бір бөлігі бұған дейін жеке нарықта пәтер жалдап тұрған. Олар үшін жалдау ақысы елеулі қаржылық жүктеме болған.
Мемлекеттік қолдау арқылы баспана алғаннан кейін кейбір азаматтың тұрғын үй шығыны азайып, қаржылық жағдайы біршама тұрақтанған. Бұл оларға күнделікті қажеттіліктерін өтеумен қатар, балалардың болашағын жоспарлауға және тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік берген.
Біз лайықты баспана туралы айтқанда, тек төрт қабырға мен төбені ғана меңземейміз. Адамның сол үйде өзін қалай сезінетінін, баспана алғаннан кейін оның өмірі қалай өзгеретінін де қарастырамыз, – деді жоба маманы.
Осылайша, зерттеу аясында тұрғын үйдің қолжетімділігі тек баспана алу мүмкіндігімен шектелмей, адамның қаржылық тұрақтылығы мен өмір сапасына ықпалы тұрғысынан да бағаланған.
Тұрғын үй кезегін күту – негізгі мәселелердің бірі
Мемлекеттік бағдарламалардың оң әсерімен қатар, зерттеу барысында шешімін қажет ететін мәселелер де анықталған. Соның бірі – тұрғын үй кезегінде ұзақ күту.
Баян Нәбиеваның айтуынша, тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде тіркелу баспананы бірден алуға мүмкіндік бермейді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету белгілі бір уақытты қажет етеді, ал күту мерзімі өңірлерге қарай ерекшеленеді.
Бүгін азамат тұрғын үйге мұқтаж адам ретінде тіркелсе, бұл оның баспана мәселесі бірден шешіледі деген сөз емес. Бұл – шұғыл көмек көрсету тетігі емес. Тұрғын үй алу үшін белгілі бір уақыт күту қажет, – деді ол.
Сондай-ақ жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі де барлық өңірде бірдей емес. Кейбір қалаларда баспана алудың белгілі бір тетіктері қолжетімді болса, басқа өңірлерде олардың шарттары мен мүмкіндіктері өзгеше болуы ықтимал.
Осыған байланысты зерттеу авторлары тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың нақты жағдайын ескеріп, мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігіне назар аудару қажеттігін атап өтті.
Зерттеудің толық нұсқасы жарияланды
Жоба маманының мәліметінше, зерттеудің толық нұсқасы 300 беттен асады. Онда фотосуреттер, графиктер, талдаулар және зерттеу барысында жинақталған өзге де материалдар қамтылған.
Зерттеу мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының азаматтар өміріне әсерін, әлеуметтік тұрғын үй нысандарының жағдайын және баспанаға қол жеткізу кезінде туындайтын қиындықтарды жан-жақты қарастыруға бағытталған.
Зерттеу нәтижелері тұрғын үй саясатын жетілдіру, мемлекеттік қолдау тетіктерін бағалау және баспанаға мұқтаж азаматтардың қажеттіліктерін ескеру мәселелерін талқылауға негіз бола алады.