Тұрғын үй дауы. Мердігер компания 10 жылдан бері бір үйдің құрылысын аяқтамаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе қаласындағы «Юнис Сити» шағын ауданындағы Бөкенбай батыр көшесінде орналасқан №155 тұрғын үйдің салынғанына он жылға жуық уақыт болды. 

Тұрғын үйді салған мердігер мекеме құрылысты аяқсыз қалдырған. Оның зардабын бүгінге дейін тұрғындар тартып келді. Бұл үйде ыстық су да, газ да жоқ, лифт те жұмыс істемейді. Күз, көктем айларында жауыннан шатырдан су кетеді. Тұрғын үйдің айналасында балалар алаңы да қарастырылмаған. Жылдар бойы тұрғындарды алаңдатып келген бұл мәселе жуырда облыс әкімінің тікелей араласуымен оң шешімін тапты. Қазір аталған үйдің тұрғындары облыс әкіміне алғыстарын жаудырып жатыр. 


Тұрғын үй жаңа болғанымен, тұрғындарға ешқандай жағдай жасалмаған. Тіпті бақылаусыз балаларды аулаға ойнауға жібере алмадық. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ешқандай шаралар қарастырылмаған. Міне, жуырда облыс әкімінің тікелей қолдауымен үйімізді қайта қалыпқа келтіретін болды. Құрылысты салу кезінде кеткен олқылықтар қайта жөнделмек. Сол үшін облыс басшысы Оңдасын Оразалинге тұрғындар атынан ерекше алғыс айтамын, —  дейді тұрғындардың бірі Кәмшат.

Айта кету керек, тұрғын үй салу кезінде кеткен кемшіліктерді енді мердігер ұйым «Тұлпар НС» ЖШС қайта қалыпқа келтірмек. Бұл келісімге облыс әкімдігінің көмегімен, сондай-ақ серіктестік пен осы нысандарға тиесілі банктің арқасында қол жеткізіліп отыр.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Бөкенбай батыр көшесіндегі №155 тұрғын үйдің құрылысы аяқталмай қалған екінші және үшінші ғимаратын қалыпқа келтіру мәселелерін жылдам шешу бойынша жұмыстар жүргізілді. Біз пәтер иелерімен кездесулер өткіздік. Меморандумға қол қойған демеуші инвесторлар нысандарды аяқтауға өздерінің қолдауларын көрсетті, — дейді Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Сұлтан Аманшин.

Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.

Ал тұрғын үйдің жаңа инвесторы, «Каир БД» құрылыс компаниясының өндірістік директоры Қуаныш Кәнештің айтуынша, аталған №155 үйдің 3-корпусының шатырын жабу жұмыстары аяқталған. Енді әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейін газ бен су тартылмақ. 3-корпустың жұмыстары аяқталған соң, 2-корпус қалыпқа келтіріледі.  

Ал келер жылы ауланы абаттандыру жұмыстары жалғасып, ойын алаңдары салынады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы