Тұрғын үй бөлу тәртібі өзгерді: Енді отбасы құрамына қарай бөлме саны ескеріледі
Қазақстанда жалдамалы тұрғын үйді бөлу кезінде енді баспананың шаршы метрі емес, отбасы құрамына сәйкес бөлме саны ескеріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Комитет төрағасының айтуынша, биыл тұрғын үй заңнамасына бірқатар нақтылау енгізілген.
Бұған дейін тұрғын үй беру нормасы бір адамға 15-18 шаршы метр есебімен белгіленсе, енді жалдамалы баспананы бөлу кезінде отбасы мүшелерінің санына қарай бөлме саны ескеріледі.
«Егер бұрын тұрғын үй беру нормалары шаршы метрмен нақты белгіленсе, қазір жалдамалы тұрғын үйді бөлу кезінде отбасының құрамына қарай бөлме саны есепке алынады», – деді Бақытжан Жүнісбеков.
Сондай-ақ жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға тұрғын үй беру тәртібі өзгерді.
Бұған дейін мұндай азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету процесі «Отбасы банк» арқылы орталықтандырылған түрде жүргізілсе, енді жергілікті бюджет есебінен салынған немесе сатып алынған тұрғын үйлерді комиссия арқылы бөлу құзыреті әкімдіктерге қайтарылды.
Жалпы, 2025 жылғы мамырдан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және тұрғын үй бөлу функциялары әкімдіктерден «Отбасы банкке» өткен. Әкімдіктерде коммуналдық тұрғын үй салу немесе сатып алу және азаматтарды қоныстандыру міндеттері қалған.
Бұдан бөлек, биыл 1 қыркүйектен бастап «Отбасы банк» сайтында ауылдық елді мекендердегі жалдамалы тұрғын үйді бөлудің жаңа тетігі іске қосылды.
Енді азаматтар өздері тұрғын үй кезегінде тұрған аудан аумағындағы жалдамалы пәтерді таңдап, оған өтінім бере алады.Жаңа механизм іске қосылғалы 400-ге жуық азамат ауылдық елді мекендердегі баспананы таңдаған.Тұрғын үй заңнамасында кезекте отбасы құрамында есепке алынатын адамдардың тізімі де нақтыланды.Оларға ерлі-зайыптылар, балалар, оның ішінде асырап алынған балалар және олардың отбасылары, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың ата-аналары жатады. Бұл азаматтарға негізгі өтініш берушіге қойылатын талаптар бірдей қолданылады, - деді ол.
Сонымен қатар жалдамалы тұрғын үй кезегінде жүрген табысы төмен азаматтарға жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана ақысының бір бөлігін субсидиялау жалғасып жатыр.
Мұндай көмек жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі.
Субсидия алу үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы соңғы алты айдағы табыс бір күнкөріс минимумынан, яғни 50 851 теңгеден аспауға тиіс. Зейнетақы мен жәрдемақы табыс ретінде есептелмейді.
Қазіргі уақытта бұл қолдау түрін 11 200 отбасы пайдаланып отыр.
Бағдарлама шарты бойынша тұрғын үйді жақын туыстардан жалға алуға болмайды. Сондай-ақ азаматтар субсидия рәсімделген баспанада нақты тұруы қажет. Тексеру барысында талаптың бұзылғаны анықталса, субсидия төлеу тоқтатылады.