Тұрғын үй алуға қатысты үш бағдарлама да жетісіп тұрған жоқ – депутат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік жағынан осал топтарға жеңілдетілген ипотека алуға үш бағдарлама да мүмкіндік бермейді. Бұл туралы Сенат отырысында депутат Ләззат Сүлеймен айтты.
Бүгін осы мәселеге байланысты Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен депутат Ләззат Сүлеймен ҚР Премьер-министріне депутаттық сауал жолдады.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараттары бойынша қазіргі кезде тұрғын үй алу кезегі шамамен 530 мың адамды құрайды және жыл сайын 50 мың адамға көбейіп отыр.
«Нұрлы жер» бағдарламасына кіретін «Шаңырақ» (5-10-20) пилоттық жобасы әкімдіктерде тұрғын үй алуға кезекте тұрғандарға ипотекалық несие беруді қарастырады. Табысты растау нысаны соңғы алты ай ішіндегі зейнетақы қорының үзінді көшірмесі болып табылады. Осы жобаны іске асыру тәжірибесі көрсеткендей, осал санаттағы, оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін қолжетімсіз болып отыр. Мәселен, 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар олардың еңбек табыстарын растаудың болмауына байланысты, жеңілдетілген ипотекалық кредитке қол жеткізе алмай отыр. Бұл азаматтардың әдетте ресми жұмысқа орналасуға және тиісінше зейнетақы қорына жарналарды аударуға мүмкіндіктері жоқ, - дейді Ләззат Сүлеймен.Оның айтуынша, келесі бағдарлама «7-20-25» кезектілік пен тіркеусіз, бірақ табыстары 3,1 еселік ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған бағдарлама көптеген қазақстандық үшін едәуір қолжетімді болып табылады, алайда, ол бастапқы тұрғын үй нарығында ғана жұмыс істейді. Пайдалануға қолданысқа енгізу сәтіндегі тұрғын үйді табу әдетте өте қиын. Себебі бастапқы тұрғын үй нарығы пәтерлерді кейіннен қайта сату үшін бірнеше пәтерді бір уақытта сатып алатын алыпсатарлар қызметінің объектісі болады. Осыған байланысты азаматтар алдын ала брондау шартымен тұрғын үй сатып алуға және тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін ғана аталған бағдарлама бойынша ипотекалық кредитті ресімдеуге мәжбүр, - дейді депутат.
Үшінші бағдарлама «Баспана хит» бағдарламасы қайталама тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік береді деп отыр. Алайда бұл бағдарлама кредит бойынша пайыздық мөлшерлеменің (10,75%) жоғары және қарыз беру мерзімінің (15 жыл) аз болуына байланысты ай сайынғы кірісі 170-180 мың теңгеден төмен азаматтардың басым көпшілігіне қолжетімсіз екен.
Тұрғын үй мәселесін шешудің параллельдік нұсқасы ретінде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде қолданылып жатқан сатып алу құқығынсыз жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйді дамытуды қарастыруға болады. Қазақстанда тұрғын үйді пайдаланудың мұндай нысаны тұрғын үйді жалдау мерзімін әр 5 жыл сайын ұзарту құқығымен табысы әрбір отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс шамасынан аз болатын әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға ғана беріледі. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша Қазақстанда тұрғын үй берудің мұндай нысаны бар-жоғы 1,7%-ды құрайды.
Ал халықаралық практикада жалға берілетін тұрғын үй анағұрлым кең таралған тетік және жалпы тұрғын үй қорының 30%-ын құрайды, - деді Ләззат Сүлеймен.