Тұрғымбаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Баршаңызды 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Наурыз мейрамы тек жыл басы ғана емес, бұл ізгілік пен жақсылықтың, татулық пен бірліктің, махаббат пен достықтың мерекесі, деп жазды Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған Наурызда күн мен түн теңеліп, тіршілік атаулы қайта түлейді. Көңілдерге қуаныш нұры себіліп, Табиғат-Ана жасарып-жайнайтын ғажайып сәт!
Осынау шаттығы мол шырайлы мерекеде Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстар бір шаңырақ астында еліміздің бірлігі мен берекесін, тұтастығы мен тұрақтылығын паш етіп, достық ниеттерін нығайта түседі. Осы бауырластығымыз баянды, болашағымыз бекем, еліміздің тыныштығы мәңгілік болсын!
Барша қазақстандықтардың елімізді өркендетуге, халқымыздың әл-аухатын жақсартуға қосып жатқан үлесі мол. Сіздердің осы еңбектеріңізге толағай табыс, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына шаттық пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын!
Еліміз тыныш, туған жеріміз аман, арайлап атқан әрбір таң әрқайсыңызға шат көңіл, бақыт пен мол береке сыйласын!, - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.