Тұрғымбаев аулалар мен алаңдарда жаяу патрульдеуді күшейтуді тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ІІМ басшысы жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында жүр. Жұмыс сапары барысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов облыс прокуратурасында болып, онда ведомствоаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Тараптар жаңа жағдайда тиімді жұмыс істеу үшін бірінші кезекте техникалық жабдықтауды жетілдіру, сонымен қатар заманауи цифрлық ресурстарды енгізу қажет екенін баса айтты.
Сондай-ақ Ерлан Тұрғымбаев полицияны реформалаудағы негізгі принциптерді іске асыру жөніндегі Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының орындалуымен танысты.
Ведомство басшысы «жұртқа жақын полиция» қағидатын дамытудың маңызды факторы криминогенді деп саналатын және адам көп жүретін учаскелерге модуль үлгісіндегі стационарлық бекеттер орнату болып табылатынын баса айтты.
Петропавлда адамдардың жаппай жиналатын орындарына, оның ішінде сауда-көңіл көтеру орталықтарына жақын жерде осындай екі модуль жұмыс істейді. Олар жұмыс істеген уақыттан бері өз тиімділігін көрсетті. Петропавлдықтар бұл жерге кеңес алу үшін де, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша да жүгінген: спирттік ішімдіктерді ішу, рұқсат етілмеген жерлерде сауда жасау және басқа да өтініштермен, - деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Стационарлық бекетке барған кезінде Ерлан Тұрғымбаев СҚО-да осындай тағы 4 бекет орнату қажеттігін атап өтті. Заманауи функционалы бар жеке үй-жай патрульдік полицейлерге қызмет атқаруына және тәулік бойы азаматтарды қабылдауға ыңғайлы.
Сонымен қатар ІІМ басшысы полицияның, оның ішінде жаяу патрульдердің есебінен тұрғын үйлердің аулаларында, саябақтарда, скверлерде полицияның тұрақты болуы тиімділігін қамтамасыз ете отырып, көшелерде қызмет атқару тәртібін қайта қарауды тапсырды.
Өңірге сапары барысында еліміздің бас полицейі Жедел басқару орталығында, Кинологиялық қызмет орталығында және кавалерия бөлімшесінде болып қайтты.
Сондай-ақ Ерлан Тұрғымбаев азаматтарды жеке қабылдауды өткізді. Солтүстікқазақстандықтар қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша ғана жүгініп қоймай, алғыстарын да білдірді.
Осылай Солтүстік Қазақстан университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі облыстық полицияның арнайы мемлекеттік мұрағаты қызметкерлерінің қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты мәліметтер жинақтауға көмек көрсеткендерін айтты.
Ерлан Тұрғымбаев жеке құраммен кездесті. Ол СҚО Ресей Федерациясының Қорған, Түмен және Омбы сияқты үш облысымен шектесетін облыс екендігін атап өтті. Бұл өңірдің барлық полиция жұмысына белгілі бір жауапкершілік артылады.
Осыған байланысты, министр заңсыз көші-қонмен, интернет алаяқтықпен, мал ұрлығымен, синтетикалық есірткілерді таратумен байланысты мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл қылмыс түрлері трансшекаралық сипатқа ие және бұл қылмыстармен күресу үшін шетелдік әріптестермен тығыз іс-әрекет жасасу қажет деп атап өтті.