Тұрақтылығымыз, мемлекеттігіміз сыналып жатыр - Айдар Әмребаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда тұрақтылығымыз, мемлекеттігіміз сыналып жатыр. Бұл туралы БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Саяси зерттеулер орталығының директоры Айдар Әмребаев айтты.
Біріншіден, мемлекетіміз қазір сынақтан өтіп жатыр. Тұрақтылығымыз, мемлекеттігіміз сыналып жатыр. Осы тұрғыдан алатын болсақ, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында нақты іс-шараларды белгілеп қойды. Оның ішінде жауапты мемлекеттік органдар, әсіресе, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдарға нақты бұйрықтарын берді. Оның нәтижесін қазір байқап отырмыз. Әсем қаламыз Алматыда болып жатқан қиын жағдайды барлығымыз басымыздан өткізіп жатырмыз. Десе де күннен күнге жағдайымыз тұрақталып келе жатқанын байқап отырмыз. Бірнеше күннің ішінде жағдайымыз бұрынғы қалыпқа келетініне сенемін, - деді ол.
Сондай-ақ ол енді болашақта халық билікке айтар ойын бейбіт митинг арқылы жеткізетін күн туатынына сенімді екенін айтты.
Президентіміз өз міндетін жауапкершілікпен атқарып жатыр. «Қоғамды еститін мемлекет» деген концепция бар, сол бойынша өңірлерде митингтер бейбіт түрде өткенін көрдік. Енді бірте-бірте соған үйренуіміз керек деп ойлаймын. Болашақта саяси, мемлекеттік реформаларды жүзеге асыруға барлығымыз атсалысуға дайынмын деп ойлаймын, - деді ол.