ШҚО-да Тұрақтандыру қоры нысандарының саны артады
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Семей қаласында тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын әлеуметтік бағамен сататын сауда нысандарының саны артады.
Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шұрманов хабарлады.
Бүгінгі таңда облыстық Тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктерін енгізу жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес, 2200 тонна бірінші сұрыптағы бидай ұны, 200 тонна макарон өнімдері, 60 тонна қарақұмық, 408 тонна жылтыратылған күріш пен 100 тонна қырыққабат сатып алынды. 2019-2020 жылғы маусымаралық кезеңге 5700 тонна мөлшерінде картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат сияқты көкөніс өнімдері сатып алынып, өткізу кестесіне сәйкес 2020 жылдың 15 мамырына дейінгі аралықта толықтай сатылды, - дейді Ержан Әйткенұлы.
Бүгінгі таңда Өскемен және Семей шаһарларында Тұрақтандыру қорына тиесілі және меморандумға отырған 112 сауда нысаны азық-түлік тауарларын әлеуметтік бағамен саудалап отыр. Тұрақтандыру қорының өнімдері "Ертіс" ӘКК меншікті нүктелері арқылы, сондай-ақ, 10 пайыздан аспайтын сауда үстемесін қосу жөнінде меморандумдар жасасқан сауда нысандарында сатылады. Облыстық басқарманың деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта облыс орталығы Өскеменде 17 сауда дүңгіршектері қордың азық-түлік өнімдерін сауда үстемесін қолданбай саудаласа, 95 нүктеде ең төменгі, яғни 10 пайыздық сауда үстемесі қолданыла отырып сатып жатыр. Сондай-ақ биыл Семей қаласында қордың азық-түлік тауарларын сауда үстемесін қолданбай сататын тағы 11 сауда павильонын іске қосу жоспарланған екен.
Келесі 2020-2021 жылғы маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін "Ертіс" әлеуметтік корпорациясы көкөніс түрлерін қазірден бастап сатып ала бастады. Бүгінгі күні қоймаларға 2400 тонна картоп, 1300 тонна қырыққабат, 1200 тонна пияз, 800 тонна сәбіз сатып алынды. Бұл көкөністер әлеуметтік корпорацияның пункттері мен қалалардың сауда орындарында биыл қарашадан бастап 2021 жылдың мамыр айына дейінгі аралықта саудаланатын болады, - дейді Ержан Шұрманов.
Кәсіпкерлік басқармасы бүгінгі таңда өңірлік тұрақтандыру қорының өнімдерін сататын нүктелер санын арттыру мәселесін қарастырып жатқан көрінеді. Бұл дегеніміз, жақын жылдары облыстың кейбір кішігірім қалаларында да әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын арзан бағаға саудалайтын нысандардың пайда болуы мүмкін деген сөз.