Қазақстандық туроператорлар Бурабайда бас қосты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кезекті ақпараттық тур аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 23 туроператор Щучинск-Бурабай курорттық аймағын аралады.
Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Тараз, Шымкент, Қостанай, Петропавл, Семей және Өскемен қалаларының өкілдері жергілікті тур өнімдерді зерделемек.
Айта кетерлігі, ақпараттық турды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ үшінші мәрте ұйымдастырып отыр.
Ақпараттық турдың алғашқы күні Park House Kokshetau қонақүйінде Ақмола облысы және Щучинск-Бурабай курорттық аймағының таныстырылымы өтті.
Естеріңізге сала кетсек, Бурабай курорттық аймағы туристік картаның ТОП-10 басым бағытының тізіміне енген. Жергілікті туристік ақпараттық орталық жетекшісі Ерлан Мусиповтың айтуынша, Бурабайдағы туризм төрт негізгі аймақта, атап айтқанда санаториялық-курорттық аймақ, астана маңындағы демалыс аймағы, киелі жерлер мен қорық аймағы және табиғи аймақ болып бөлінеді.
Бурабай курортының тартымдылығын арттырып, жыл он екі ай бойы жұмысын қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлерді іске тарта отырып, "Four seasons", яғни, жылдың төрт мезгіліндегі жұмыс тұжырымдамасын әзірледік, - дейді Ерлан Мусипов.
Биылдың өзінде облыс аумағында 52 шара ұйымдастырылған. Оның 13-і кең ауқымдағы шара болса, қалған 38-і түрлі маңыздағы іс-шаралар болды.
Айта кетерлігі, ақпараттық тур аясында Ақмола облысының туризм басқармасы, туристік ақпараттық орталық және Бурабай Даму ЖШС-нің ұйытқысымен b2b кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде, өңірлерден келген тур операторлар жергілікті туристік бизнес өкілдерімен әріптестік жөніндегі меморандумдарға қол қойды.
Курорттың аймақпен тереңірек танысу үшін турға қатысушылар бірқатар нысанды аралап көрді. Олардың ішінде, ашық аспан астындағы Ботай дәуірінің тұрағы "Ботай Бурабай" музейі, Тас ауылы, Абылай хан алаңы болды. Сондай-ақ, экскурсия барысында тур операторлар Бөлектаудың басына шығып, Байкал соқпағымен серуен құрды. Бұдан кейін, марал өсіретін шаруашылық пен пантокрин негізінде медициналық ем-дом жасайтын санаторийдің жұмысымен танысты