Тұқымов: Әр үш қазақстандықтың екеуі референдумға қатысуға дайын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» сараптамалық алаңының кезекті отырысында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов мәлімдеді. 

Алдымызда маңызды тарихи оқиға – Ата заңға өзгерістер енгізу туралы жалпыұлттық референдумға дейін аз уақыт қалды. 5 маусымда еліміздің саяси жүйесі жаңғыруында жаңа кезең басталады. Конституциялық реформаның маңыздылығы мен қажеттілігі сөзсіз. Күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі – адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру болып саналады. Президент мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселелердің барлығы Қазақстан азаматтарының пікірін есепке ала отырып қана қабылданатындығын айтты. Сол сәт жақындап келеді. Үш аптадан соң – 5 маусым күні 27 жылда алғаш рет жалпыұлттық референдум өтеді, - деді институт директоры. 

Осы орайда спикер барша қауым, соның ішінде сарапшылар үшін заңға түзетулер, референдум туралы қоғамның не ойлайтынын ескеру маңызды деп отыр. 

Мемлекет басшысы референдум өтетінін жариялай салысымен Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты 9-12 мамыр аралығында телефон арқылы әлеуметтік сауалнама жүргізіп, қазақстандықтардың Конституциялық реформа мен референдумға қатысты пікірлерін білді. Аталған зерттеуге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыстан 1200 респондент қатысты. Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек, бүкіл халықтың 66,4%-ы қатысуға ниетті. Заңнамаға сәйкес, референдум сайлаушылардың 50%-дан астамы қатысқан жағдайда өтті деп есептеледі. ҚСЗИ өткізген сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың 76,4%-ы Президенттің референдум өткізу туралы бастамасын қолдайтынын көрсетті. Небәрі 15,4%-ы референдум идеясын қолдамайды, - деді Еркін Тұқымов. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы