"Түнімен телефон ұстап, таңертең оянбады": Жамбыл облысында баласын ұрған ер адамға үкім шықты
Жамбыл облысында сот өз баласына қол жұмсаған ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарысу аудандық сотында кәмелетке толмаған баласына күш қолданған азаматтың ісі қаралды.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2025 жылдың шілде айында Жаңатас ауылында тұратын ер адам үйде отырып, түні бойы телефон қарағаны және таңертең уақытында оянбағаны үшін ұлына ашуланып, "тәрбиелеу мақсатында" оның бетінен ұрған.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдірді. Ал жәбірленушінің өкілі – баланың анасы күйеуін кешіретінін мәлімдеді.
Сот үкімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігінің 8) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмыс түрінде жазаға тартылды, – деп хабарлады Сарысу аудандық сотының баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Instagram-да полицейді балағаттаған ер адам қамауға алынғанын хабарладық.