Тұңғыш, Жарық, Қуат: АЭС-ке тағы қандай атау ұсынылғаны белгілі болды
Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев атом электр станциясына атау беру конкурсының нәтижелеріне қатысты пікір берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, конкурс қазақстандықтардың станция атауына қатысты барлық көзқарасы мен ұсыныстарын жинауға мүмкіндік берген.
Шын мәнінде конкурс қазақстандықтардың атом электр станциясы қалай аталуы керектігі туралы бүкіл пікірін қамтуға мүмкіндік берді. Біз, конкурс комиссиясы, көпшілік дауысына негізделген шешім қабылдадық. Әрине, бұл – негізгі фактор болды. Көпшілік таңдаған атау мемлекеттік комиссияның шешіміне негіз болып отыр, – деді ол.
Сәтқалиевтің сөзінше, ұсынылған атаулардың ауқымы өте кең болған. Ұсыныстардың ішінде географиялық ерекшеліктерге, салалық мәнге, жер-су аттарына негізделген нұсқалар көптеп кездескен.
Біз бірнеше атауды бұқаралық ақпарат құралдарында жарияладық. Жарық, Қуат, Іле, Мойынқұм, Үлкен сияқты жер-су атаулары да көптеп келді. Ең көп ұсынылған нұсқалардың екіншісі – “Болашақ” болды. Сондай-ақ қазақстандықтардың ішкі сезімі мен құндылықтарына байланысты Үміт, Тұңғыш сияқты атаулар да ұсынылды. Тарихи мұрамызға қатысты Тұран, Ұлы дала деген нұсқалар болды. Тіпті ұлттық құндылықтарымызға байланысты атаулар да бар. Жалпы, ұсыныстар өте қызықты болды, біз бәрін талдадық, – деді агенттік басшысы.
Сонымен бірге ол конкурс нәтижесінде көпшілік дауыс берген атаудың таңдалғанын атап өтті.
27 мың адамның арасынан 889 қазақстандық бірінші орынға “Балқаш” атауын қойған. Сондықтан негізгі атау ретінде көпшілік қолдаған нұсқа алынды, – деді Сәтқалиев.
Журналистер оның жеке өзі дауыс берді ме деп сұрағанда, ол конкурсқа қатысушы ретінде емес, комиссия мүшесі ретінде дауыс бергенін айтты.
Комиссия мүшесі ретінде дауыс бердім. Бірақ Еgov арқылы қандай да бір атау ұсынған жоқпын. Себебі мен комиссия мүшесімін, менің дауысым комиссия жұмысы аясында берілді, – деп түсіндірді агенттік төрағасы.
Сонымен қатар Кенесары ханның атымен атау, Абай есімін беру, энергетик академик Шафик Чокиннің атын беру ұсынылған.