Тұңғыш Президент саябағы мен Н.Назарбаев аллеясын салып жатырмыз - Шөкеев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкіметте Түркістан қаласын дамыту туралы есеп берген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығы 290 га алқапты құрайды. Онда Әзірет Сұлтан қорық мұражайы, Керуен сарай, Тұңғыш Президент саябағы, Н.Назарбаев аллеясы және жеке салымшылар тарапынан бес жұлдызды үш қонақ үй сынды ірі жобалар салынып жатыр. Бүгінгі таңда мәдени-рухани орталықта бас жоспарда жобаланған 10 нысанның алтауы толық аяқталды, қалған нысандар бекітілген жоспарға сәйкес қолданысқа беріледі. Аталған нысандар қаланың тарихи өткені мен заманауи бүгінгі түрленген келбетін көрсетеді. Орталық қалаға келуші туристер мен қала қонақтары тамашалайтын негізгі туристік бағыт болады, - деді Өмірзақ Шөкеев.
Оның айтуынша, қала аумағындағы көгалдандыру көлемі әзірге 187 га жетіп отыр.
Есептік мерзімге қарай 1539 га немесе 44 м2/адам деңгейіне жеткізу жоспарланған. Тұжырымдамаға сәйкес, қаланың климаттық жағдайын ескере отырып, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен бірігуді қамтамасыз ететін жасыл белдеу қалыптастыру көзделген. Бұдан басқа, қала тұрғындарын өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсарту мақсатында қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелері мен талапқа сай әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады, - деді әкім.
Айта кетейік, Түркістан облысы 2018 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен облыс болып құрылған. Түркістан қаласы жаңа облыстың орталығы болды.