Түнгі уақытта жұмыс істеген тамақтану орны анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласының Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері карантиндік шектеулерге қарамастан түнде жұмыс істеп тұрған қоғамдық тамақтану орнын анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Аудандық учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген әкімшілік аумақта кезекті рейд өткізу барысында Жангелдин көшесінің бойында орналасқан «Фаза» тамақтану орнының түнгі сағат 01:00 шамасында ашық тұрғанын байқаған. Тексеру мақсатында орталықтың ішіне кірген полицейлер келушілердің де бетпердесіз жүргенін анықтады. Тәртіп сақшылары тұрғындарға карантин талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, белгіленген уақыттан тыс мезгілде жұмыс істеп тұрған нысан иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша хаттама толтырды. Жинақталған материалдар Әл-Фараби аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері мен аудандық әкімдік өкілдерінен жасақталған мобильді топ өкілдері карантин талаптарының сақталуын қатаң қадағалауда. Олар дүкендер мен кафе-барларға, ойын-сауық орталықтарына тексеру жұмыстарын жүргізіп, олардың тек белгіленген уақыт аралығында ғана қызмет көрсетуін бақылауда.