Түнгі тыныштық пен қоғамдық қауіпсіздік: Қазақстанда акустикалық камералар енгізіледі
Ішкі істер министрлігі депутаттың акустикалық камераларды пилоттық режимде енгізу туралы ұсынысын қолдады
Құрылтай депутаты Кендебай Адамбек түнгі уақыттағы көшелердегі заңсыз жарыстар мен тұрғын үйлер маңындағы шу мәселесін көтерді. Ішкі істер министрлігі депутаттың шу деңгейінің рұқсат етілген шектен асуын автоматты түрде тіркейтін акустикалық камераларды енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосу туралы ұсынысына қолдау білдірді.
23 қыркүйекте жарияланған депутаттық сауалға азаматтардың өтініштері негіз болды. Қалалардың орталық көшелерінде мотоциклдер мен тюнинг жасалған автокөліктердің жүргізушілері рұқсат етілмеген жарыстар ұйымдастырып, пиротехника қолданып, тұрғын үйлердің маңында әдейі қатты шу шығарады. Мұндай құқық бұзушылықтар сирек тіркеледі. Көп жағдайда шара тұрғындардың шағымынан кейін ғана қабылданады. Ал түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін айыппұл мөлшері 5 АЕК немесе 21 625 теңгені құрайды.
Бұл мәселе жол қозғалысы ережесін бұзу шеңберінен шығып, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселеге айналды. Сонымен қатар азаматтардың тынығуына, түнгі тыныштығына теріс әсер келтіреді. Алайда құқық бұзушылар көп жағдайда жауапкершіліктен тыс қалып жатады, – деді Кендебай Адамбек.
Депутат акустикалық құрылғылар мен шу өлшегіштерді фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосуды, патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан бірлескен экипаждар құруды, заңсыз техникалық өзгерістер толық жойылғанға дейін құқық бұзушының көлігін арнайы тұраққа қоюды, түнгі тыныштықты бұзғаны үшін жазаны қайта қарауды және мұндай құқық бұзушылықтарды ұсақ бұзақылық ретінде саралау тәртібін әзірлеуді ұсынды.
Ішкі істер министрлігі ресми жауабында депутаттың негізгі ұсынысына қолдау білдірді.
Министрлік шудың шекті деңгейден асып кетуін автоматты түрде анықтау үшін фото және бейнетіркеу жүйесіне инновациялық акустикалық камералар мен шу деңгейін өлшейтін құралдарды біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосуды қолдайды, – делінген Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің жауабында.
Ведомство АҚШ, Германия және Францияның тәжірибесін зерделеп жатыр. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті жаңарту аясында түнгі тыныштықты бұзғаны үшін жауапкершіліктің мөлшерлес болуын қамтамасыз ету, заңсыз техникалық өзгерістер жойылғанға дейін автокөліктерді арнайы тұрақтарда ұстау тәртібі, сондай-ақ жолдардағы құқық бұзушылықтарды саралау тәсілдері пысықталуда.
ІІМ деректеріне сәйкес, жыл басынан бері түнгі тыныштықты бұзудың 22,2 мың және тікелей ағынды әрі қатты шу шығаратын жүйелері бар заңсыз қайта жабдықталған автокөліктерді басқарудың 24 мың фактісінің жолы кесілді. Республика аумағында «Түнгі қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Пилоттық жобаны іске асыру және заңнамаға өзгерістер енгізу мәселелері депутаттың бақылауында.