Түнгі клубта өлімші етіп сабап, қашып кеткен: Астанада атышулы іс аяқталды
Сот екі ер адамды 8,5 және 9 жылға бас бостандығынан айырды.
Елордадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың анықтауынша, 2025 жылғы желтоқсанда Ә. және А. есімді сотталушылар мас күйінде түнгі ойын-сауық орнында Г. және Ч. есімді екі келушімен сөзге келіп қалған.
Сөзге келу көп ұзамай төбелеске ұласқан. Шабуыл жасағандар қарсыластарының денесінің әр жерінен бірнеше рет соққы жасаған.
Осыдан кейін сотталғандар оқиға орнынан кетіп қалған. Ал жәбірленуші Ч. алған дене жарақаттарының салдарынан сол жерде көз жұмған, – делінген іс материалдарында.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, бейнебақылау камераларындағы жазбалармен және тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен толық дәлелденді.
Жаза тағайындау кезінде сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілігінің жоғары екенін ескерді. Екі сотталушы үшін де қылмысты мас күйінде жасауы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды. Жеңілдететін мән-жай ретінде екі ер адамның да бұрын сотталмағаны, сондай-ақ А.-ның кәмелетке толмаған баласының бары ескерілді.
Нәтижесінде сот Ә. мен А.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі («Бұзақылық ниетпен адамдар тобы болып жасаған, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша кінәлі деп таныды.
Сот А.-ны 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ал онымен бірге қылмыс жасаған Ә. 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сотталғандардан жәбірленуші тараптың пайдасына 1,9 млн теңге материалдық залал, 2 млн теңге өкілдік шығындар және 10 млн теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.