"Түнге дейін жұмыс істеп, кейбіреулері жұмыста түнейді": Депутат мемқызметкерлердің мәселесін көтерді
Қазіргі мемлекеттік қызметтегі өзекті мәселелердің бірі – қызметкерлердің жұмыс уақытының ұзақтығы.
Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдан мемлекеттік қызметшілердің Еңбек кодексінде көрсетілген жұмыс уақытынан артық жұмыс істеуі мәселесі қалай шешілетінін сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат сұрағында атап өткендей, қазіргі мемлекеттік қызметтегі өзекті мәселелердің бірі – қызметкерлердің жұмыс уақытының ұзақтығы. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан, яғни күніне 8 сағаттан аспауы тиіс. Алайда көптеген мемлекеттік қызметшілер түнге дейін жұмыс істейді, кейбіреулері тіпті жұмыста түнейді.
Бұл жұмыстың ерекшелігіне және тапсырмалардың жеделдігіне байланысты қаржы, экономика, әділет министрліктері мен әкімдіктерде қызметкерлер ұзақ жұмыс істейді. 2015 жылы мемлекеттік органдарда сағат 18:00-ден кейін барлық жұмыс компьютерлерін өшіру басталған еді, бірақ бұл жұмыс уақытынан артық істелген сағаттар мәселесін толық шешкен жоқ, – деді депутат.
Дархан Жазықбай өз жауабында қазіргі таңда бұл мәселе шешіліп жатқанын айтты.
2020 жылы заң қабылданған болатын. Бұған дейін Еңбек министрлігі жұмыс уақытын бақылаумен айналысып келген. 2023 жылдан бастап бұл құзырет агенттікке берілді. Қазіргі кезде барлық жүйелер жұмысқа кіріп-шығуды е-қызмет жүйесіне тікелей қосқан, сол арқылы мониторинг жүргіземіз, - деді агенттік басшысы.
Айтуынша, агенттік мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің қанша сағат жұмыс істейтінін анықтап, артық жұмыс уақыты болса тексереді.
Егер қосымша демалыс немесе ақы төлемі берілсе, онда ескертулер жоқ. Ал ақы төленбесе немесе демалыс берілмесе, аппарат басшысына әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғауға құқымыз бар. Қазіргі кезде осы мәселе бойынша мониторинг жүргізілуде және жұмыстар жалғасып жатыр, - деп айтты Жазықбай.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 2029 жылдан бастап өсуі мүмкін.