Түн жамылып келіп кесіп кетті. Сағынтаев халықтың ашу-ызасын тудырған мәселе туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берді.
2019 жылы «Жасыл Алматы» бағдарламасы іске қосылып, 3 жылдың ішінде 1 млн жасыл желек отырғызылатыны хабарланған болатын. Осы жоба қалай жүзеге асырылып жатыр? Соңғы Sulpak компаниясының әрекетін ескерсек, бұл бағдарламаның мақсатына қайшы келеді емес пе?, - деген сауал қойған болатынбыз.
Бұл сұраққа жауап берген мегаполис басшысы аталған жоба жалғасын тауып жатқанын айтты.
Былтыр қабылданған «Жасыл Алматы» бағдарламасы бойынша 3 жылда 1 миллион түп алма ағашын егеміз деп жоспарлағанбыз. Өткен жылы күз айында алғашқы жұмыстар басталды. Көктөбенің, Медеудің жоғары жағындағы «Мохнатка» деген алқапта алма мен шырша ағаштары егілді. Мектептердің төңірегінде көптеген жұмыс жүргізілді. Биыл көктем айында карантинге байланысты ештеңе еге алмады. Ол енді түсінікті жағдай деп ойлаймын. Ал енді осы күзде 250 түп ағаш отырғызылды. Жалпы жоспар бойынша келе жатырмыз. Үш жылдың ішінде бір адам басына шаққанда жасыл желектің көлемін 11 пайызға дейін жеткіземіз. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш – 7,7%. Норматив бойынша 10 шаршы метр болу керек, - дейді Бақытжан Сағынтаев.
Осы ретте ол Sulpak компаниясының әрекетін түсіндіріп өтті.
Әкімшіліктің халықтан қолдау тапқан ағаш егу жобасын қолға алған кезде кейбір кәсіпкерлердің түнделетіп, осындай әрекетке баруы жүректі ауыртады. Халықтың ашу-ызасын тудырды. Түн жамылып келіп ағаштарды кесіп кету қай тұрғыдан алсақ та дұрыс емес. Қынжылтатын мәселе, - деді әкім.
Айта кетейік, 23 қарашада түнде Алматыда сауда үйінің жанындағы жайқалған емен мен қарағаш оталды. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде наразылық білдірді. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та үн қатты. Мемлекет басшысы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырған болатын. Осыдан соң, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәселені өз бақылауына алғанын мәлім етті.
Бүгінде Алматы прокуратурасы заңсыз ағаш кесу фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.