Тұмау және ЖРВИ: Астанада эпидахуал қандай?

Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева елордадағы жедел респираторлық вирустық инфекция мен тұмаудың таралу жағдайына қатысты соңғы мәліметті жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Департаменттің дерегінше, 2025 жылдың 2 қазанынан бастап жаңа эпидемиологиялық маусым аясында қалада 27 469 ЖРВИ жағдайы анықталған. Бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 1 796,8-ді құрайды және өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға төмен.

Сырқаттанғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың үлесі 61 пайыз немесе 16 624 жағдай. Соның ішінде 920 бала – бір жасқа толмағандар, - деп атап өтті елорданың бас санитар дәрігері.

Маусым басталғалы 982 адам "ЖРВИ/тұмау" диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Ауруханаға жатқызылғандардың арасында:

  • 76 жүкті әйел (8%)
  • 356 бір жасқа дейінгі бала (36%)

23 қыркүйектен бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында тұмауға қарсы тегін екпе егу жүріп жатыр. Вакцинация жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Осы мақсатта Ресейде өндірілген"Гриппол+" препаратының 145 000 дозасы сатып алынған.

30 қазанға дейін жалпы 134 977 астаналық екпе алған. Бұл – қала халқының 8,83 пайызын құрайды. Оның ішінде 134 077 адам вакцинаны бюджет есебінен қабылдаған.

Тәуекел топтарындағы қамту деңгейі 98 пайыз: жоспарланған 144 500 адамның 72 705-і егілген. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің қаржысы есебінен 9 000 ересек тұрғын вакцинациядан өтті.

Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2025 жылғы 22 тамыздағы №6 қаулысына сәйкес, департамент тұрғындарға сақтық шараларын қатаң ұстануды ескертеді.

Ұсыныстар тізімі:

  • ауру белгілері пайда болса, емханадағы сүзгі кабинеттеріне уақытылы бару;
  • науқастар көбейген кезде көпшілік орындарға баруды шектеу;
  • ЖРВИ белгілері кезінде медициналық маска пайдалану;
  • ауырған балаларды мектепке және балабақшаға жібермеу;
  • үй-жайды желдетіп, жиі қолданылатын беттерді дезинфекциялау, қол гигиенасын сақтау.

Айгүл Шағалтаеваның мәлімдеуінше, департамент эпидемиологиялық ахуалды күнделікті бақылауда ұстап отыр. Ол тұрғындарды өз денсаулығына және айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы