Тұмау кезінде қалай тамақтану керек?
Тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекция өршитін кезеңде дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Тамақтану тәртібі туралы Астана медицина университеті, Е.Д. Даленов атындағы профилактикалық медицина ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері Жанна Нұрберген айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, дәрумендерді қабылдаудың маңызы ерекше.
Қазан-қараша айлары – ауа райы салқындап, ЖРВИ мен тұмау белсенді түрде таралатын кезең. Бұл уақытта иммунитет әлсіреп, ағзаның қорғаныс қабілеті төмендейді. Сондықтан дәл осы мезгілде дұрыс әрі құнарлы тамақтану – аурудың алдын алудың ең қолжетімді жолы. Күзгі суықта ағзаға дәрумендер мен минералдар аса қажет. Цитрус жемістері, қарақат, итмұрын – С дәруменінің көзі. Бұл өнімдер ағзаның вирусқа қарсы қорғанысын күшейтеді, ағзаның тез қалпына келуіне көмектеседі. С дәрумені суық тиюдің алдын алып, қабынуды азайтады, - деп атап өтті дәрігер.
Сондай-ақ маман қандай көкөністер мен дәрумендерді тұтыну қажеттігін ұсынды.
Сәбіз, асқабақ, қызылша – тыныс жолдарының шырышты қабатын қорғайды. Бұл көкөністер А дәруменіне бай. Ол мұрын және тамақтың шырышты қабатын нығайтып, вирустардың енуіне тосқауыл қояды. Тыныс алу жолдары «құрғақ» болмай, табиғи қорғаныс қабаты сақталады. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сары май – D дәрумені иммундық жүйені күшейтеді. D дәрумені ағзаға инфекциямен тиімді күресуге көмектеседі. Бұл тағамдар сүйек, бұлшықет денсаулығын да қолдайды және жалпы энергия деңгейін көтереді, - дейді Жанна Нұрберген.
Сонымен қатар табиғи өнімді қолдану да организмге қуат береді деп отыр.
Жаңғақ, бал, құрма – энергияны арттырады. Бұл өнімдер табиғи глюкоза, пайдалы майлар және минералдарға бай. Суық мезгілде шаршауды азайтып, ағзаға тез қуат береді. Ең маңыздысы, 7-10 сағат қайнаған сүйек сорпасын күнделікті ішуге кеңес беремін. Сорпа минералдарға, аминқышқылдарына бай. Ол әлсіреген ағзаны қалпына келтіреді, ас қорытуға жеңіл. Көкөністермен бірге тұтыну иммунитетті табиғи түрде қуаттандырады. Ет тағамдары — әсіресе жылқы және қой еті. Бұл еттер сапалы ақуызға, темірге және В дәрумендеріне бай. Олар қан құрамын жақсартып, әлсіздікті азайтады, ұзақ мерзімді тойымдылық пен күш береді. Тұздалған қырыққабат – табиғи пробиотик. Ол ішектегі пайдалы бактерияларды көбейтеді, ал ішек микрофлорасы – иммунитеттің негізгі тірегі. Ас қорытуды жақсартып, ағзаға инфекциямен күресуге қолдау береді, - дейді маман.
Суық маусымда иммунитетті әлсірететін өнімдерден бас тартқан жөн.
Ақ ұннан жасалған тағамдарды (нан-тоқаш, бәліш, макарон) азайту қажет. Олар ағзаға артық жүктеме түсіреді және қабыну процесін күшейтуі мүмкін.
Қант пен тәттілерді шектеу керек. Тәтті тағамдар иммундық жасушалардың жұмысын баяулатады.
Фастфудты жемеген дұрыс. Ол иммундық жүйені әлсіретеді, қабынуды күшейтеді және ағзаның вирустарға қарсы тұру қабілетін төмендетеді.
Күн салқындағанда адамдар суды аз ішеді. Бірақ жеткілікті су ішу – ағзаның вирусқа қарсы қорғанысын күшейтеді. Күніне 3 литрге дейін су ішу ұсынылады.
ЖРВИ өршитін қазан-қараша айларында дұрыс және теңгерімді тамақтану – денсаулықты қорғаудың ең тиімді жолы. Ақ ұн мен тәттіден бас тартып, ет пен ашытылған қырыққабатты көбірек тұтыну, дәруменге бай тағамдармен қоректену арқылы әр адам өз иммунитетін күшейте алады, - деп түйіндеді дәрігер.