Тұманды Хуаншань таулары

Қытайдың шығысындағы Аньхой провинциясында Хуаншань таулары бар. Аудармасы «сары таулар». Хуаншань тауларын қарағайлар мен гранит жартастар алып жатыр. Бұл тау Хуаншань ауданында орналасқан,  деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Хуаншань ауданы Қытайдағы ең танымал туристік орындардың бірі және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне кіреді. 

Қытай халықаралық баспасөз орталығының бағдарламасына қатысып жатқан шетелдік журналистер Аньхой провинциясында болып, Хэфэй мен Хуаншань аймағын аралады. Шетелдік БАҚ өкілдерінің арасында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Армения, Әзербайжан, Грузия, Беларусь, Ирак, Йордания және т.б. елдердің журналистері бар.

Шетелдік журналистер тобы тұманды Хуаншань тауларын тамашалауға мүмкіндік алды. 

Хуаншань тауларының бұлтты пейзаждары танымал «Аватар» фильмін түсіру кезінде табиғи түсірілім объектісіне айналған.

Бұл тау Қытайдағы ең әдемі әрі өте танымал жер екені сөзсіз.

Хуаншань тауларының аймағында теңіз деңгейінен 1 000 метрден жоғары 77 шың бар. Ең биік үш шың - Лотос шыңы (Лян Хуа Фэн, 1 864 м), Жарық шыңы (Гуангминдин, 1 840 м) және аспан астанасының шыңы (Тяньдуфен, 1829 м).

Таулардың көп бөлігі ерекше қарағайлармен жабылған. 

Шыңында жалғыз тас бар шың Stone Monkey watching the see (теңізге қарап тұрған тас маймыл) деп аталады.

Тауға көтерілетін бөлікке аспалы жол арқылы жетуге болады.

Хуаншань таулары мезозой дәуірінде, яғни шамамен 100 млн жыл бұрын пайда болған.

Жергілікті ақпарат агенттіктерінің мәліметі бойынша, 2017 жылы Хуаншаньға 3 млн 360 мың турист келген.

Бұл жолы да жергілікті туристер қатары аз болмады. Келушілер санының көптігіне қарамастан тауда тазалық сақтау, қоқыс шашпау қатаң сақталған. 

Барлық жол тегіс, ұқыпты, қажет жерде қоршаулар бар. Сондай-ақ барлық жерде қоқыс жәшіктері орналастырылған. Оның өзі де ерекше көрінеді. Себебі қоқыс контейнерлері тастардан жасалған. Онда жиналған қоқыстарды саябақтағы тазалық «сақшылары» сұрыптап, жинайды. Тазалық «сақшыларын» тауға көтеріліп бара жатқанда да, түсіп бара жатқанда да жиі кездестіруге болады. 

Қырғызстандық журналист Чолпонай Турдакунованың айтуынша, Хуаншань тауларының ерекше пейзажын көрген де арманда, көрмеген де арманда. Ол Хуаншань қаласына алғаш рет келгенін айтты.

Мен Аньхой провинциясына алғаш рет келіп тұрмын. Жергілікті әкімдіктердің ұйымдастыруымен өңірдің бірқатар көркем жерін араладық. Соның бірі – Хуаншань таулары. Біз тауға көтерілуді таңғы сағат 10 кезінен бастадық. Сөйтіп кешке дейін жүрдік. Тұманды күнге қарамастан таулардың сұлулығына тамсануға болады. Бәрі әдемі. Меніңше, таулар ауа райының, мезгілдің кез келген уақытында өзінше ерекшелене түседі. Бүгін де дәл солай. Табиғатпен тау-тас, бәрі үйлескен, - деп сезімін бөлісті қырғызстандық әріптесіміз.

Ол Қытайға жол тартатын туристерге міндетті түрде Хуаншань тауына баруға кеңес берді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Келесі жаңалық
Астанада кафе өртенді
Өзгелердің жаңалығы