Тұман және жел: еліміздің бірқатар өңірінде ескерту жарияланды
Ертең, 26 қазанда, Қазақстанның бірқатар аймағында ауа райының қолайсыз құбылыстары күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің болжамынша, еліміздің басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады: жел күшейіп, тұман түседі және өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Маңғыстау облысында түнде және таңертең тұман күтіледі, өңірде жоғары өрт қаупі сақталады.
Ақмола облысының батысы, солтүстігі мен шығысында тұман түседі, ал оңтүстік-батысында өрт қаупі жоғары.
Жамбыл облысында күндіз найзағай ойнап, желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді. Түнде және таңертең таулы аудандарда тұман күтіледі. Өңірдің батысы мен солтүстігінде өрт қаупі өте жоғары. Тараз қаласында да өрт қаупі күшейеді.
Абай облысының оңтүстігі мен орталығында жел солтүстік бағытқа ауысып, 20 м/с-қа дейін күшейеді. Өңірдің оңтүстігінде, сондай-ақ Ақтөбе облысында да өрт қаупі өте жоғары.
Жетісу облысында Алакөл маңында желдің екпіні 20 м/с-қа дейін күшейеді. Шығыс Қазақстан облысында да осындай жел байқалады.
Атырау облысының оңтүстігі мен шығысында өрт қаупі өте жоғары, ал солтүстік-шығысы мен оңтүстік-шығысында орташа деңгейде сақталады.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласында өрт қаупі өте жоғары деңгейде.
Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында түнде көктайғақ күтіледі. Өңірдің басым бөлігінде өрт қаупі жоғары, ал оңтүстігінде – өте жоғары.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының кей аудандарында түнде және таңертең тұман күтіледі. Бұл өңірлердің бірқатар аймағында өрт қаупі сақталады.