13 Қазан 2026, 02:34 Фото: BAQ.KZ архиві

Тұман және қатты жел: 17 өңірде дауылды ескерту жарияланды

Сондай-ақ, бірқатар өңірде жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталады.

Бүгін, 13 қазанда Қазақстанның 17 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер тұман, шаңды дауыл, қатты жел және жауын-шашын болатынын ескертті. Бірқатар өңірде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті.

Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында түнде және таңертең тұман күтіледі.

Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында шаңды дауыл соғуы мүмкін. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді. Жетісу облысының Алакөл маңында желдің екпіні 28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал. Алматы және Павлодар облыстарында да қатты жел күтіледі.

Жамбыл облысының таулы аудандарында түнде жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі. Түркістан облысында жаңбыр, найзағай, таулы аймақтарда жаңбыр мен қар болжанады. Шымкентте де түннің бірінші жартысында жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.

Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды және Ұлытау облыстарын қоса алғанда, бірқатар өңірде жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталады.