Тұман және көктайғақ: 14 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ертең, 13 қазан күні еліміздің 14 өңірінде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Ұлытау облысында оңтүстікте төтенше өрт қаупі сақталып, шығыс пен орталықта жоғары өрт қаупі күтіледі. Жезқазған аумағында да өрт қаупі жоғары.
Қарағанды облысында түнде және таңертең солтүстік пен шығыста тұман мен көктайғақ болады. Қарағанды қаласында да жолдарда көктайғақ күтіледі.
Түркістан облысының таулы асуларында желдің екпіні 20 м/с дейін жетеді. Өңірдің солтүстігі мен оңтүстігінде, батысында және шөлді аймақтарында төтенше өрт қаупі сақталады.
Атырау және Маңғыстау облыстарында түнде және таңертең тұман күтіледі. Екі өңірде де жоғары өрт қаупі сақталады.
Жетісу облысында шығыста және таулы аудандарда желдің күші 22 м/с дейін жетеді. Ал Алматы облысында түнде таулы аймақтарда тұман түсіп, кей жерлерде жел 20 м/с дейін соғады.
Ақмола облысында түнде және таңертең солтүстік пен шығыста тұман болады, батысында жел 20 м/с дейін күшейеді.
Ақтөбе облысының бірқатар аудандарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарында күндіз жел 20 м/с дейін күшейеді, өрт қаупі жоғары деңгейде.
Абай облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман мен көктайғақ, күндіз жел 20 м/с дейін күшейеді.
Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында да тұман мен көктайғақ күтіліп, желдің екпіні 20 м/с дейін жетеді.
Синоптиктердің айтуынша, мұндай ауа райы жағдайларында жолдарда абай болу және қауіпсіздік шараларын сақтау қажет.