Тұман, жаңбыр, найзағай: 17 өңірде дауылды ескерту жарияланды
Тұрғындарға ауа райының өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтауға кеңес беріледі.
«Қазгидромет» бүгінге, 29 қыркүйекке Қазақстанның 17 өңірінде дауылды ескерту жариялады.
Бірқатар облыста желдің күшеюі, тұман, жаңбыр мен найзағай, сондай-ақ түнгі және таңғы уақытта аяз күтіледі.
Ұлытау, Қарағанды, Жетісу, Ақмола, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар және Ақтөбе облыстарында желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Жамбыл облысының таулы аудандарында желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында түнде және таңертең тұман болжанады. Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарында түнгі температура төмендеп, 1-3 градусқа дейін аяз күтіледі.
Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының кей жерлерінде жаңбыр, найзағай болжанады. Түркістан облысында күндіз шаңды дауыл болуы ықтимал.
Сонымен қатар бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Тұрғындарға ауа райының өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтауға кеңес беріледі.